Аудан басшысы барып құттықтады

Аудан басшысы барып құттықтады

Жаңа жыл – өткен жылға көз жүгіртіп, жаңа бастамалар мен ізденістерге тың қадам жасайтын, жақсылыққа ұмтылып, жаңаша ойлауға жол сілтейтін, қуанышқа толы ғажайып мереке.
Осы мереке қарсаңында аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев ауданымыздағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнайы барып, мерекелерімен құттықтап, құрмет көрсетті.
Алдымен аудан мен қала басшылары соғыс және еңбек ардагері, белгілі журналист, партизан жазушы, ел мен жер тарихын жетік білетін шежіре қарт, 100 жастағы қадірменді қария Үсенбай Тастанбековтың отбасына арнайы барып құттықтап, сый-сияпатын тарту етті. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі» деген аудан әкімі сұрапыл соғыстағы майдангерлердің көрсеткен ерліктеріне бүгінгі ұрпақ бас иетінін айта отырып, Отан үшін кеудесін оққа тосып, бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдірді.
Мұнан кейін олар 101 жастағы Алматы облысының Құрметті азаматы, Елбасының ұстазы Сейітхан Исаевтың шаңырағына барып, арнайы дайындаған сыйлықтарын табыстап, қарияның әңгімесіне қанықты. Ардагер ұстаз өз кезегінде сол бір сұрапыл жылдары соғысқа қалай барғанын, майданда азат еткен қалаларын, кеудесіндегі әрбір награданың оңайлықпен келмегені туралы әңгімелеп, бүгінгі жас ұрпақ бейбітшіліктің қадірін жақсы білуі керектігін сөз етті. Ата-бабалар үшін арман болған Тәуелсіздіктің іргесін берік қалай білген шәкірті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін сүйсіне тілге тиек етіп, Мәңгілік Ел болу үшін халық арасындағы береке-бірліктің арта беруі қажеттігін айтты. Ауданда болып жатқан өзгерістер мен жетістіктерге жақсы бағасын беріп, қашанда ұмытпай құрметке бөлеп келе жатқан аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы мен қала әкімі Асқар Мұқашевқа алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.