«Номад» этноорталығы көшпенділердің дәстүрлі әскери өнерін дәріптейді

«Номад» этноорталығы көшпенділердің дәстүрлі әскери өнерін дәріптейді

Бүгінде ауданымызда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында еліміздің, жеріміздің тарихын бейнелейтін және оған қоса, ата-бабаларымыздың өмір-тұрмысымен тереңінен таныстыратын орталықтардың саны күн санап көбейіп келеді. Жақында олардың қатарына көшпенділердің дәстүрлі әскери өнерін дәріптейтін «Номад» этноорталығы қосылды.
Жалпы, мұнда орталық қызметкерлері сақ, ғұн, үйсін, түркі, түркі-моңғол және қазақ халықтарының ежелден келе жатқан әскери тәсілдерін және киім үлгілерін арнайы дайындалған түпнұсқалары арқылы бейнелеп көрсетеді. Бір ерекшелігі, бұл жәдігерлерді тамашалап қана қоймай, олар жайлы мол мағлұмат алып, тарихын, артықшылығын жақсылап білуге болады екен. Онда келушілермен осы орталықтың қызметкері, тарихшы-археолог Станислав Потапов батыр бабаларымыз шайқаста қолданған адырна, айбалта, аймауыт, алдаспан, алмас қылыш, ақберен, атпа найза, аша, бадана, бесқару, бұйда пышақ, гүрзі, дулыға, жебе, жеке ауыз, зұлпықар, көбе және тағы басқа сынды құрал-саймандар жайлы қызықты ақпараттармен бөлісті. Мәселен, Станислав Потапов ең алдымен аймауыт, яғни, жауынгерлердің ұрысқа шығарда оқ өтпеуі, қылыш жүзі батпауы үшін үстіне киетін сауыты жайлы сөз қозғады. Білуімізше, ол асыл болаттан шытыр торлы етіп соғылады және кез-келген батыр тауып кие алмаған ұрыс киімі болған. Бұл сауыттың қандай екенін өз денемізде сезініп көру үшін киіп көрген едік. Расында оның салмағы өте ауыр, торлы болып келеді екен. Ауырлығы 50 келіге дейін болады. Сол уаұыттың сарбаздары бұл киімді үстілерінен тастамай, шайқасқа шығуға дайын жүрген екен. Ал, аймауыттың шынжыр торы денеге батпас үшін ішінен киіз кебенек киілетін болған. Бұл сауытпен бабаларымыз әрине, құрал саймандарында қоса алып жүрген. Соның бірі – айбалта. Айбалта – ежелгі Египет заманынан бері белгілі соғыс қаруы, өткір де айбатты болып келгенін алға тартқан тарихшы-археолог бұл қару Орта Азия мен Қазақстанға XIV-XV ғасырда кеңінен тарағанын айтты. Оның алғашқы үлгілері Батыс пен Шығыстың көптеген елдерінің қару-жарағында кездескен екен.
Ал, қазақ ұсталары айбалта сабының ұңғыдан өтер екі жағын темір құрсаумен шегелеп, оны ұлттық қошқар мүйіз тәрізді ою-өрнекпен безендіріп, қолға ұстау үшін саптың төменгі жағына қайыстан бүлдірге байлаған. – Айбалта сабының ұзындығы 70-90 сантиметрге дейін жетіп, оны белге байлайды немесе тебінгінің астына қыстырады, – дейді ол.  Мұнан соң, ол әртүрлі қарулардың ішінен семсердің бір түрі – алдаспан мен соғыс қаруы алмас қылышқа тоқталып, оны суреттеп айтып берді. Алдаспан – жекпе-жек шайқаста қолданылатын қару болғандықтан әрі салмағының ауырлығына байланысты, оның қыны болмаған. Оны батырлар шайқасқа қалай қолға алып шыққанын орталықтың қызметкерлері көрсетіп, көрермендерге алдаспанды күшті, қарулы батырлар ғана пайдаланғаны және ол семсер, қылыштың ішіндегі ең асылы болып есептелінгені жайлы мол мағлұмат берді. Сонымен қатар, батырлар жырында бейнеленгендей, айбалтаның бір сілтегенде қара тасты да қақ бөліп, қиып түсетін қару болғанын да жеткізді. Мұнан кейін, орталық қызметкерлері алмас қылышқа да тоқталып, оның болаттың ең асылынан соғылатынын айтты. Олардың айтуынша, қазақ батырлары асынған бес қарудың бірі – осы алмас қылыш болған екен. Оның ішінде наркескен – алмас қылыштың аңызға айналған түрі. 1861 жылы Злотоуста орыс инженері Аносов қазақтардың ертеде пайдаланған алмас қылыштарының өте өткір болуының бір сыры суару тәсілінде, болатты салқын күйінде соғуында екенін анықтап, сондай алмас қылыштарды орыс жауынгерлеріне жасатқанын алға тартты. Тарихшы-археолог бұдан бөлек Адырна жайлы да сөз қозғады. Оның айтуынша, бұл сайман өгіздің жон терісінен жасалып, садақ ағашының екі басын иіп ұстап тұратын керме қайыстың атауы екен. Осындай иі қанған теріден жасалғандықтан, садақ серіппелі болып, жебесі алысқа ұшқан. Бұдан бөлек, этнографтар адырнаны түркі, моңғол тілдеріндегі «адар», «адыр» сөздерімен төркіндес екендігін де анықтаған. Осы сынды көптеген құрал-саймандардың әрқайсысына этноорталықтың қызметкері нақты тоқталып, келушілердің барлығына жақсылап түсіндірді. Бұған қоса оларға оны қолға ұстап, сауыттарын киіп көруге де рұқсат берілді. Мұндай мүмкіндікке ие болған қатысушылар бұл жағдайды қуана пайдаланып, бір сәтке болса да батырлардың бейнесіне енді!..
«Номад» орталығының директоры Жандос Нұрбековтың айтуынша, бұл тарихи орталықтың негізгі мақсаты да осы екен. Яғни, ата-бабамыз қолданған дүниелердің, жәдігерлердің жасанды, бірақ, нағыз түпнұсқаларына ұқсастарын келушілерге ұсынып, қолдарына ұстап көруіне және оны киіп көруіне жағдай жасау.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.