Ретсіз саудаға рейд жүргізілді

Ретсіз саудаға рейд жүргізілді

Босағамыздан нарықтық дәуір дендеп енген XX ғасырдың 90-шы жылдарындағы тоқырауда қазақтың баласы күнкөрістің қамымен базар жағалап, сауда-саттықтың қыр-сырын меңгере бастап еді. Ал, қазір атадан қалған кәсіп болмаса да, алып-сатуда алдыға жан салмайтын болдық. Нарық заманы нан тауып жеуді үйреткен соң, ала дорба арқалаған ағайын әр жерде сауда жасап, нәпақа тауып жүр. Дегенмен, бұл күнде базар маңынан және көше бұрышынан әп-сәтте жайма базар жасайтын жұртшылықтың жүгенсіздігін тоқтату үшін жергілікті билік пен құзырлы органдар тұрақты түрде күрес жүргізіп келеді.

Белгіленбеген жерде сауда жасау тек біздің ауданда ғана емес, көп шаһардың көшесінен көз алдыңызда көлденеңдейтін көрініс. Ал, қазір тәртіп пен талап, тазалық бірінші міндет. Өткен аптаның бейсенбі күні, аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаевтың бастауымен, заңсыз сауданың алдын алуға бағытталған арнайы рейд ұйымдастырылды. Нақтырақ айтқанда, аудандағы «Атамекен» ҰК палатасының филиалы, кәсіпкерлік бөлімі, мемлекеттік кірістер, қоғамдық денсаулықты сақтау және ішкі істер басқармалары мен Қаскелең және Іргелі ауылдық округтерінің әкімдіктері бірлескен комиссия құрылды.
Алдымен, Қаскелең қаласындағы орталық «Жер-Ана» базарының маңы әңгіменің арқауына айналды. Әмбебеп сауда орнындағы кейбір сатушылардың өзінше еркіндігіне шек қойылғандай болды. Саудасын қыздырып жүргендердің біразы сауалдарға жауап берсе, бәз біреулер бас сауғалап жан-жаққа қаша бастады. Арнайы жұмыс тобының тексеруін көрген сол маңның тұрғындары да ұсыныс-ойларын білдіріп жатты. Бірі заңсыздықты тоқтату керектігін айтса, екіншісі арзан бағаның біраз да болса көмегі барын айтып ақтауға тырысты. Дегенмен, аудан әкімінің орынбасары Дулат Мұратұлы бастаған жұмыс тобы «Жер-Ана» әмбебап базарының жан-жағын жіті қадағалып, саудасын қыздырып отырған бірнеше саудагерлермен сөйлесіп, жағдаймен кеңінен танысты. Әрі қарай «Жақсылық» құрылыс базары тексеріліп, аумағында тұрған құйылмалы балмұздақ аппаратының санитарлық талаптарға сай құжаттарының жоқ екендігі анықталды. Бұл олқылықты базар басшысы Көпбай Байбосынов бүгіннен қалдырмай реттейтіндігін айтты. «Жақсылыққа» жапсарласа орналасқан «Жер-Ана» құрылыс базарына қарасты іші тауарға толы сауда жасайтын контейнердің жаяу жүргіншілер жолына шығып тұрғандығы алыстан-ақ көрінеді. Ол шекарадан асып кеткендіктен, қарапайым тұрғындар тротуармен емес, жол жиегімен жүруге мәжбүр. Арнайы топ бұл жағдайдың орнына келуіне үш күн уақыт берді. Тексерушілер келесі кезекте, ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл көшесінде орналасқан «Достар» көтерме-бөлшек сауда базарына бет бұрды. Бұл жердің басшылығы, заңсыздыққа жол бермейтінін айтса да қасында құрылыс жұмыстары жүріп, жаңадан тұрғызылып жатқан мекеменің алдын жайма базарға айналдырып алған. Олардың барлығына заңсыз екендігі түсіндіріліп, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ілияс Қалиев «Достар» бөлшек-сауда базарынан орындар тауып берді.
Ал, Іргелі ауылдық округіне қарасты «Асыл арман» ықшам ауданының көрінісі, тіптен, бөлек. Ойдым-ойдым жолдары жөнделіп, оқтай түзу көшеге өң кірсе де, сауда-саттығы санитарлық жағынан сын көтермейді. Бәсекелестік пе, бейберекеттік пе, жаяу жүргінші жолына дейін саудасын жайып салып жайбарақат отырғандарға қайран қалмасқа шараң жоқ. Жергілікті билік жыл сайын бар күшін осы жерге салып келеді екен. Әр жыл сайын түрлі шаралар қолдануда. Дегенмен, мұның саябырсыр түрі жоқ. Жалпы, ортақ мақсаттағы қолға алынған коммуналдық базарлар құрылып жатса, тұрғындар үшін арзан әрі сапалы өнім алудың жолы ашылып, заңсыз сауда саябыр табар еді.
Сонымен қатар, жергілікті учаскелік полиция қызметкерлері ҚР әкімшілік кодексінің 204-бабына сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ауызша ескерту жасады. Аталмыш базарлардың аумағына қарасты сауданың бұл түрін мүлдем болмауын қадағалау тапсырылып, оларды орындауға белгілі уақыт берілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.