Өнеркәсіптік қауіпсіздік үшін

Өнеркәсіптік қауіпсіздік үшін

Жақында аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді арқау еткен жиын өтті. Басқосу аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаевтың төрағалығымен болып, оған ҚР инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша Департаментінің мұнай өнімдері, астық қабылдау қоймалары және химиялық қауіпті объектілерді бақылау бөлімінің басшысы Ерғали Иманғали, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ильяс Қалиев және бірқатар кәсіпорын өкілдері қатысты. Алғашқы сөз Ерғали Есенғалиұлына беріліп, ол күн тәртібіндегі мәселелермен жиналғандарды таныстырды. Атап айтқанда, облыстан арнайы келген өкіл кәсіпкерлерге Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов бекіткен салалық жоспарға сай, аймақтардағы меншік нысанына қарамастан әрбір объектінің идентификациясын анықтау өзекті болып отырғандығын айрықша атап өтті. Яғни, ұжымдағы еңбек қауіпсіздігі, өндірістік бақылау, аудандардағы қауіптілігі жоғары өндіріс орындарын талапқа сай декларациялау мәселелерін сөз етті. Өз сөзінде ол мына мәселеге айрықша тоқталды:
– Әсіресе, соңғы кездері қатары көбейген шағын газ құю станцияларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығы жоғары. Мұндай нысандардың өз кезегінде тұрғындарға, маңайындағы әлеуметтік ғимараттарға қаншалықты қатерлі екендігі белгілі. Осы орайда аталмыш нысан қожайындарының қауіпсіздік шараларына жеткілікті мән беруінің өзектілігі айтпасақ та түсінікті, – деді Ерғали Иманғали ең алдымен осы мәселені алға тартып.
Жалпы, ауданымыздағы газ құю станцияларының көбі дерлік заңсыз жұмыс жасайды екен. Оған қоса жанармай бекеттерінің аумағын дұрыс емес құжаттармен жалға алатындары да бар. Сондықтан да, облыстан арнайы келген өкіл осы бағытта кәсібін дөңгелетіп жүргендерге тез арада жобалық құжаттарын істеп, оны Алматы облысы бойынша Департаменттің мұнай өнімдері, астық қабылдау қоймалары және химиялық қауіпті объектілерді бақылау бөлімімен келісу қажеттігін жеткізді. Одан кейін, техникалық паспорттарын тіркеп, бүкіл «ҚР өнеркәсіптік қауіпсіздік» заңының талаптары сақталуы қажеттігін нақты түсіндірді. Бұл айтылғандар жүзеге аспаған жағдайда, Әкімшілік кодекстің 298-бабы бойынша кіші және орта кәсіпорындарға 30-дан 50-ге дейін АЕК, үлкен кәсіпорындарға 100-ден 200-ге дейін АЕК айыппұл салынатынын ескертті. Және де Ерғали Есенғалиұлы жоғарыда айтқандай, ұжымдағы еңбек қауіпсіздігі, өндірістік бақылау, аудандардағы қауіптілігі жоғары өндіріс орындарын талапқа сай декларациялау мәселелері жөнінде өз құзіреттілігі шегінде жанармай, газ құю бекеттерін және тағы басқа қауіпті өндіріс нысандарын алдағы уақытта тексеретіндігін жеткізді. Бұдан бөлек, көтеріліп отырған мәселе бойынша қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап беріп, өз кеңесімен де бөлісті.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.

 

Последние новости

Арманы асқақ Аяла
Сенбілік өткізілді
Төзімі терең, жігері жалын жандар
Первое место на национальном чемпионате
Мемлекеттік деңгейде мән беріледі
За качество объектов отвечают профессионалы
«Игілік и К» ЖШС-нің игі істері
Елу жылын елеулі еңбекпен өрген жан