Төзімі терең, жігері жалын жандар

Төзімі терең, жігері жалын жандар

Мемлекет тарапынан мүгедектерге түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жеке кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнеске тарту арқылы өзгелермен тең дәрежеде болуы үшін мүмкіндіктер жасалып жатыр. Мемлекеттен тыс мүгедек жандарға көмек көрсететін қоғамдық бірлестіктер де көп. Солардың бірі ретінде Қарасай ауданының атын республика дәрежесінде шығарып жүрген «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясын айтуға болады. Бірлестіктің жетекшісі Тәжіғали Ходжамұратов мүгедек адамдарды спортқа тартып, олардың нәтиже көрсетулеріне атсалсып, құқықтарын қорғап, өмір сүру деңгейлерін көтеруге әртүрлі мүмкіндіктер жасауда. Спортта жетістігі бар мүгедектерді үлгі етіп, үйден шықпай отырған мүмкіндігі шектеулі адамдарды қатарларына қосуға асығады. Осы бағытта ол жарыстар мен турнирлер өткізуді қолға көп алады. Құрылғаннан бері ізгі мақсаттың бастауында жүрген қоғамдық бірлестіктің бұл талпыныстары жемісін беріп, талай мүгедек-спортшының жеңіске жетіп, өздерін бақытты сезінген сәтінің куәсі болды. Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында Алматы облысы ішкі істер басқармасы жылда ұйымдар арасында түрлі конкурстар өткізіп отырады. Биыл да әлеуметтік жобаларды қолдау мақсатында облыс бойынша 70-ке тарта жоба ұсынылған еді. Сол жобалардың ішінде «Мүгедек спортшыларға көмек көрсету» жобасы үздік деп танылып, «Жігер-М» ұйымы гран-приді ұтып алды. Берілген ақшалай қаржыға мүгедек спортшылар федерациясының басшысы арнайы спорттық инвентарьлар, жас спортшыларға футбол формалары мен спорттық киімдер алынғанын айтты.
Осыған орай жуырда федерация «Дельфин» спорттық кешенінде еліміздегі Спорт күніне және елордамыз-Астана қаласының 20 жылдығына орай спорттық жарыс өткізді. Шараға аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзанов қатысып, спортшыларды алдында келе жатқан төл мерекемен құттықтап, сайыскерлерге сәттілік тіледі. Алматы облысы ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен бұл сайыста үстел теннисі, армреслинг, пауэрлифтинг, парадзюдо, паратаэквандо, тоғыз құмалақ, шахмат, суда жүзу сияқты спорт түрлерінен өткізілген іріктеу жарысына 78 үміткер қатысты.
Әрбір ойыншы жарысқа тыңғылықты дайындалып келген екен. Бар өнерлерін көрсетуге тырысты. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында халықаралық жарыстарға қатысып, ел намысын абыройлы қорғап жүрген спортшылар да баршылық екенін айта кеткен жөн. Бұл өткізілген жарыстың мақсаты- жоғарыда аталып кеткен «Әлеуметтік идеялар мен жобалар» жәрменкесінің жеңімпаздарының атқарып жатқан жұмыстарын халыққа көрсете отырып, инновациялық тәсілдерді анықтау үшін жүзеге асатын мемлекеттік бағдарламаның мол пайдасын түсіндіру.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз-жүлдегерлерге тиісті дәрежелі грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ақтоты Мырзабекқызы.