Су қоймаларындағы қауіпсіздік шарасы

Су қоймаларындағы қауіпсіздік  шарасы

Күннің аптап ыстығынан қашқандардың өзен жағасында сейілдеп, демалғысы келетіні қалыпты жағдай болғанымен, көбінесе сақтық шаралары соңғы орынға шегеріліп жататыны да жасырын емес. Тиісті талаптарға сай келмейтін, суға түсуге тыйым салынған жерлерде демалушыларға ескерту жасалынса да келетіндердің қарасы артпаса, кемімей тұр.
Әсіресе, жазда балалардың емін-еркін көсіліп ойнайтын кезінде бақылауды күшейте түсудің қажеттілігі артқандай. Былтырғы жылдары кәмелетке жасы толмаған балалар рұқсат етілмеген жерлерде шомылуынан болған оқыс оқиғалар тіркелген. Негізінен, бұған ата-аналарының салғырт қарауы себеп болып отыр. Тіпті, ересектердің өзі жағажайларда спирттік ішімдіктер ішіп, өмірін қиып жатады Осыған байланысты өткен аптаның сенбісінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тағы да су тоғандарына рейд ұйымдастырды. Олар ауданға қарасты «К-30», «К-28», «К-25», «К-26» және «Октябрь №1», «Октябрь №2» демалыс орындарына айналып кеткен су тоғандарына бет алды. Тексерушілер сол жерде жүрген тұрғындарға балалардың батып кетуіне себеп болатын жағдайлар жайлы түсіндіріп, оның алдын алу шаралары жазылған жадынама парақшалар таратты. Айта кетерлігі, биылғы ресми деректерге сүйенсек, жыл сайынғы бұндай шаралардың нәтижесінде, жаз басталғалы суға кеткендер саны тіркелмеген. Бұл, әрине, қуантады!
Жалпы рейд барысында, қай жердегі демалыс болсын, қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталу қажеттігін ескертті мамандар. Сондықтан да барша оқырмандарды өзен-көл жағасында қоғамдық тәртіпке бағынып, спирттік ішімдіктер ішпеуге, темекі тартпауға, құтқарушылардың назарында болуға шақырамыз. Бұл – өз өміріңіз үшін маңызды!

Бұрым Орынбасар.