Мақсат – жоғары білімнің деңгейі мен дәрежесін арттыру

Мақсат – жоғары білімнің деңгейі мен дәрежесін арттыру

Қазіргі кезде еліміздегі барлық жоғарғы оқу орындарында студенттерді қабылдау маусымы өтуде. Осыған орай, көптеген мектеп ұясын аяқтаған талапкерлер дәрежесі мықты, оқу сапасы жоғары университеттерді іздеп, жақсысын таңдап, сол жерге түсіруге тырысуда. Осындай беделді оқу орындарының бірі біздің ауданда бар. Ол, ауданымыздың мақтанышына айналған Сүлейман Демирел университеті. Әрине, бұл білім ошағы ең алдымен жаңа талапкерлерге барлық жағдайды жасап, оларға сапалы білімін беруді және кәсіби болашақ маман болып қалыптасуын мақсат етуді. Сонымен қатар, халықаралық дәрежеге де ие болып, бүгінде өзінің көптеген жетістіктерімен, білімді студенттерімен алдыңғы қатарлы оқу орындарының біріне айналып халыққа, оның ішінде әсіресе жастарға көптеп танылуда.
Мәселен, биыл бұл білім ордасын таңдаған мемлекеттік грант иегерлерінің саны екі есе артқан. Атап айтсақ, 2017 жылы 560 студент түссе, биыл тегін оқу мүмкіндігі 1168 түлекке бұйырған. Олардың қатарында ҰБТ-дан ең жоғарғы ұпайға ие болған алматылық Шиара Құдайбергенова да бар.
Енді бұл университеттің алдағы жоспарлары қандай, қандай өзгерістер күтілуде, оқу орнына енді аяқ басқан студенттерге қандай жағдай жасалған,– осыларды білмек болған біз аталмыш университеттің президенті Мейірбек Мәжитовпен тілдескен едік. Әрине, ең алдымен бізді қызықтырғаны, еліміз бойынша ең жоғарғы-140 балл жинаған Шиара Құдайбергенова жайлы болды.

– Шиара сіздердің университеттеріңізді таңдапты. Ол қандай мамандыққа оқуға түсті?
– Біріншіден, Елбасының бес әлеуметтік бастамасында бекітілген жоғарғы білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – Сулеймен Демирел университетінің қызметіне де ерекше серпіліс әкелді. Білім гранттары санының ұлғаюы – жоғарғы білім беру саласына, әрі адами капиталдың дамуына зор үлес қосуда. Қазақстанның түкпір-түкпірі мен шалғай аудандарындағы талапкерлер тегін білім алу үшін бақ сынасып, өз күштерін дәлелдеп көрді. Ал, олардың қатарында ұлттық біріңғай тестілеуде ең жоғарғы балл жинаған алматылық Шиара Құдайбергенова біздің университеттің грантын жеңіп алып, СДУ Бизнес мектебіне қабылданып, «Қаржы» мамандығын таңдады. Айта кеткен жөн, биылғы жылы 22 талапкер аталмыш мамандықты таңдап, СДУ Бизнес мектебінің студенті атанды. Біздің студенттер жалпы ел бойынша грантқа ие болған талапкерлер санының 20 пайызын құрайды.
– Жалпы, осы оқу жылына қандай жоспарларыңыз бар? Университетте былтырғы жылмен салыстырғанда биыл қандай өзгерістер болуы мүмкін?
– Жаңа оқу жылында академиялық және басқару бағыттарында бірқатар өзгерістер орын алады. Оларды жыл бойы сараптап, тиімділігін анықтадық. Айта кетсек, білім ордасының басқару жүйесінде батыстық білім беру моделінің талаптарына сай бірқатар жаңғырулар орын алып, ректор лауазымымен қатар университет қызметіне президенттік басқару енгізілді. Ректор академиялық бағытты қадағаласа, президенттің қолға алуымен жаңа стратегиялық даму бағыттары, ұлтаралық байланыстардың өркендеуі, сонымен қатар, білім ордасының мемлекеттік органдар мен қоғамдық мекемелер арасындағы қарым-қатынасын нығайту, серіктестікті арттыру жұмыстары іске асырылмақ.
Білім беру жүйесіне де заманауи нарықтың талабына сай жаңашылдықтар енгізілуде. Ауыспалы кезеңге жылдам бейімделу индустрия өкілдерімен әрдайым тығыз байланыста болуды қатаң талап етеді. Нарық пен кері байланыс орнатып, оның талабына сай мамандар әзірлеу университеттің ілгері даму сатысында өте маңызды. Дүниежүзілік білім беру саласының тәжірибесінде университеттер мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық өмірінде белсенділік танытуда. Осыған орай, бірқатар жаңашыл бастама мен корпоративтік басқару жүйесін кемелдендіру және жоғары білімнің деңгейі мен тиімділігін арттыруға негізделген стратегия – университеттің дамуындағы елеулі кезең болады деп күтеміз және осы бағытта белсенді жұмыс атқарудамыз. Баса айтқым келетіні, қазіргі таңда, мемлекеттік немесе бизнес секторларының өкілдері адами капиталға ұтымды инвестиция жасауға қызығушылық танытса, біз серіктестік құруға әрдайым дайынбыз, әрі университет есігі серіктестерге айқара ашық. Сонымен қоса биыл «Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігінің» рейтингінде СДУ мамандықтары алғашқы орындарға ие болды. Яғни, бірінші орынға «Математикалық ғылымдар», «Ақпараттық жүйелер» мамандықтары ие болса, «Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы екінші орынды иемденді. Бұл мамандықтармен қатар СДУ «Журналистика», «Аударма ісі», «Екі шет тілі», «Экономика», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Тарих» және «Халықаралық қатынастар» бағдарламасы бойынша үздік ТОП – 5-тің қатарына кіреді.
– Осы жылы түскен студенттерге қандай үміт артасыз? Университетте оларға қандай жағдай жасалған?
– Айтып өткендей, биылғы жылы студенттер саны екі есеге артты. Бұл көрсеткіш ең алдымен талапкерлер мен ата-аналардың СДУ-ға берген үлкен бағасы мен артқан сенімі деп білеміз. Сондықтан оқу орны да өз тарапынан білімгерлерге жан-жақты жағдай жасауда. Біріншіден, ол заманауи кампус, 8млн.-ға жуық электрондық қоры бар соңғы технологиялармен жабдықталған кітапхана, сонымен қатар, ғимарат жанындағы студенттер үйі. Яғни, бір сөзбен айтқанда, оқуға жайлылық үшін барынша мүмкіндіктер жасалған.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Әңгімелескен Бақдәулет ТАЛИПОВ.