Жұмыс сапалы, нәтижелі, тиімді болуы тиіс

Жұмыс сапалы, нәтижелі, тиімді болуы тиіс

Өткен аптада Қарасай аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оны кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов ашып, жүргізіп отырды.
Отырыстың күн тәртібі бойынша алғашқы кезекте «2018 жылдың І жартыжылдығында аудандағы кириминогендік жағдайды болдырмау мақсатында атқарылған жұмыстар туралы» аудандық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Абай Тынышбаев хабарлама жасады.
Жалпы, осы кезеңде аудандағы оперативтік жағдай тұрақты болған. Қылмыстың тіркелуі 7,4 % (1822-ден 1687-ге) төмендеген ал, ауыр және аса ауыр қылмыстың тіркелуі 15,5 % (110-нан 93-ке) азайған. Алайда, қылмыспен күрестегі ең көкейкесті мәселе өзгенің мүлкін ұрлау мен оның ашылуы болып отыр, яғни, негізінен пәтер, мал, ұялы телефон, ақша және алтын бұйымдарды қолды ету. Қазіргі кезде аудан аумағында ҚР ІІМ 2018-2020 жылдарға арналған өзгенің мүлкін ұрлауға қарсы тұратын жаңа ведомостволық бағдарламасы бойынша жұмыстар атқарылуда. Аталған бағдарлама Бас прокуратурамен, Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен келісілген, сондай-ақ, жан-жақты қолдау көрсету, жүзеге асыруға ықпал жасау үшін облыс әкімдігіне жіберілген. Осы бағдарлама аясында үстіміздегі жылы өзгенің мүлкін ұрлауды ашу көрсеткіші жақсарып отыр. Есепті мерзім ішінде 1060 өзгенің мүлкін ұрлау фактісі (2017 жылы 1162) тіркеліп, тіркеу 8,8% азайған. Жыл басынан бері 120-дан аса өзгенің мүлкін қымқырған ұрылардың 9 қылмыстық тобы ұсталды. «Мал ұрлығы», «Пәтер», «Ұялы телефон» сияқты 6 мақсатты жедел-алдын алу шаралары өткізіліп, олар жұмыстың соңғы нәтижесіне игі ықпал етті. Мал ұрлығының алдын алу үшін, аудан әкімдігінің қолдауымен, тәжірбиеге енгізілген үш жақты келісім жобасы да көп көмегін тигізуде. Дегенмен, пәтер ұрлығының алдын алу мен оны ашу айтарлықтай проблемалық мәселе болып тұр. Сондықтан бұл бойынша АІІБ тарапынан 5 мамандандырылған жедел тергеу тобы құрылып, оған дайындығы мол, тәжірибелі қызметкерлер енгізілді.
Кеңес мүшелері осыған орай бұл мәселені кеңінен талқылай келе аудандағы ұрлықтың, пәтер ұрлығының жолын кесуді, аса қажетті жерлерге бейнебақылау орнатуды, жол-көлік оқиғаларына байланысты жұмыстарды күшейтуді талап етті.
Келесі кезекте кеңес мүшелері алдында «2018-2019 оқу жылына дайындық, балаларды жүз пайыз мектепте оқытумен қамту барысында үш ауысымды оқытуды болдырмау мақсатындағы аудандық білім бөлімінің жұмысы туралы» білім бөлімі басшысының орынбасары Әсет Нұрекенов есеп берді. Білім бөлімі 2017-2018 оқу жылында жоспарлы жұмысты орындап, белгіленген міндеттерді жүзеге асырған. Ауданда 51 жалпы білім беретін мектеп бар, оның 48-і орта, 3-і бастауыш мектеп. Барлық мұғалім саны 3685, жоғары санаттысы – 606, бірінші санаттысы – 1053. Аудан бойынша бір компьютерге 10 оқушыдан келеді. Электрондық оқу жүйесіне 28 мектеп қосылған. Онлайн режіміне қосылғаны 30. Мектептер интернетпен 100% қамтылған. Ашылған мектеп саны – 7 (№2 Жамбыл, №2 Абай, Кемертоған, Шалқар, Көлащы, Береке және Исаев). Қайнар орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір Алмалыбақ орта мектеп-гимназиясына күрделі жөндеу жүргізілуде, Байсалбаев орта мектебінде мұндай іс жоспарлануда. Жапсаржай құрылысы Керімбеков, Абай ауылындағы орта мектепте басталса, Алтынсарин және Мәметова мектептерінде де осындай жұмысты жүзеге асыру міндеті тұр. ҰБТ-ға қатысуды 100% көрсеткендер – Ушинский мен Еңбекші орта мектебі. Осы орайда жалпы Тамабаев мектебі 112, әл-Фараби гимназиясы 101, Алмалыбақ мектеп-гимназиясы 95,6, Толстой мектебі 95,1, Абай мектеп-гимназиясы 93,2 балл алды. 120-дан жоғары балл жинаған оқушы саны – 79, олар тест тапсырған оқушылардың 5,7% құрайды. Ауданда 10 мемлекеттік, 65 жекеменшік балабақша, 2 жекеменшік және 26 мемлекеттік шағын орталық жұмыс істейді. Бүгінде 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 92,2% құрайды. «Балапан» бағдарламасымен 7 мемлекеттік, 57 жекеменшік балабақша, 9 шағын орталық ашылды. Тұрғындар санының көбеюіне байланысты оқушы саны жылдан жылға артуда. 9 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 2018-2019 оқу жылында 100 мультимедиялық кабинетті құрылғылармен жабдықтау, 80 компьютер алу және 4 мектепте робототехника кабинетін ашу жоспарлануда.
Кеңес мүшелері осы мәселе бойынша да ой-пікірлерін ашық білдіріп, ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Өз сөздерінде олар жаңа оқу жылына тиянақты әзірленуді, оның ішінде спорт алаңдарына назар аударуды, сондай-ақ, үш ауысыммен оқытуды азайту мәселесіне ерекше көңіл бөлуді талап етті.
Мұнан кейін қоғамдық кеңестің отырысында «Тұрғындар алдында бір жылдық есеп беру кезінде Қаскелең қаласы мен Жаңашамалған ауылдық окуругі әкімдеріне берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы» мәселе қаралды.
Бұл жөнінде алдымен Қаскелең қаласы әкімінің міндетін атқарушы Рафаэль Мұқанов хабарлама жасады. Есеп беру кезінде он бір тапсырма берілген еді, оның көпшілігі орындалды, қалғаны орындалу үстінде. Кейбірін айтсақ, Алтын ауыл ықшам ауданындағы №15, 19 көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылуда, Қаскелеңдегі 5, 2 шақырым жолға ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуде. Бәйдібек пен Бурабай көшесіне ағымдағы жөндеу жұмысы аяқталды. Аудандық орталық кітапханаға күрделі жөндеуге 130 млн.542 мың теңге бөлініп, бұл іс жүйелі атқарылуда. «Қарлығаш» ықшам ауданында инженерлік-коммуникациялық жүйесі жасалуда, абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Басқа тапсырмалар жөнінде де жоспарлау, қаржы бөлу істері орнымен атқарылуда.
Жаңашамалған ауылдық округі әкімінің міндетін атқаушы Жандос Такимов та есеп беру кезінде берілген тапсырмалар бойынша жан-жақты баяндап берді. Яғни, бұл бағытта осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар мен таяуда жүзеге асатын істерге кеңінен тоқталды.
Кеңес мүшелері округтердегі іс барысына барынша ден қойып, әлі де жүзеге асырылуы тиіс міндеттердің жай-жағдайын анықтады, бұл ретте халық тілегіне әрдайым құлақ асу керектігін сөз етті.
Аудандық қоғамдық кеңестің отырысын оның төрағасы Сағат Ұлтарақұлы қорытындылап, аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы Далабаевтың үнемі талап ететініндей, қай жерде жауапкершілік үлкен болса, сол жерде іс сапалы, нәтижелі, тиімді болатынын атап айтты. Талқыланған мәселелердің барлығы да маңызды екенін, сондықтан да олар бойынша әрдайым нақты жұмыстар атқарылуы тиіс екенін тілге тиек етті.

Берікбай ҚАДЫҚОВ.

 

Последние новости

Өнеркәсіптік қауіпсіздік үшін
Арманы асқақ Аяла
Сенбілік өткізілді
Төзімі терең, жігері жалын жандар
Первое место на национальном чемпионате
Мемлекеттік деңгейде мән беріледі
За качество объектов отвечают профессионалы
«Игілік и К» ЖШС-нің игі істері