Абай мұрасы алысқа апарады

Абай мұрасы алысқа апарады

Қасиетті қазақ жері ақындарының әрқайсысы шын мәніндегі дарынды, шығармашылық тұлға ретінде дара. Бірақ, соның ішінде Абай ерекше қайталанбас дана ақын. Ол осынау ұлы далада туған, халық сүйген кемеңгер, өз заманының парасат иесі ғана емес, заман қайшылықтарын шешуге де оң бағыт берген ұлы тұлға. Ақынның шығармашылық мұрасы халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани сарқылмас қазынасы.
Абайдың дүниеге келгеніне бір жарым ғасыр, ал өзінің мәңгі өлмес шығармаларымен еліне сөздің ұлы мағынасында ұстаздық ете бастағанына ғасырдан астам уақыт өтті. Сол кезден бері артынан қалдырған мұрасы халқының рухани өмірінде, түрлі құбылыстар тұсында да, адастырмас құбыланама болып қызмет етіп келеді. Биыл қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушы, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, философы Абайдың туғанына 173 жыл толды.
Осыған орай, «Қарасай ауданының жастар ресурстық орталығы» және «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында «10 тамыз – Абай Құнанбаевтың туған күні» атты дөңгелек үстел өткізілді. Шараның мақсаты – қазақтың бас ақынының әдеби мұралары арқылы жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, терең мағыналы сөз маржандары мен ой жауһарларын кеңінен насихаттау, жастардың ақын өлеңдерін сүйіп оқуға, білім-ғылымға құмарлығын арттыру. Басқосу Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы сияқты алаш қайраткерлерінің Абайдың шығармашылығы туралы жазған еңбектерінен басталды. Сондай-ақ, ақынның қазақ тілін дамытуға қосқан үлесі, музыкалық мұрасы жайлы және сан-салалы еңбектері туралы да айтылып, өлеңдерінен үзінділер оқылды.
Дөңгелек үстел барысында еліміздің келешегі – жастарды өмірде рухани білімді, саналы, ойлы тұлға етіп қалыптастыруда ұлы ақынымыз, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абайдың қалдырған мұрасы қаншалықты маңызды екені де атап айтылды.

Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.