Наурызбай батырдың еңселі ескерткіші

Наурызбай батырдың еңселі ескерткіші

Алматыға «Алматы-Бішкек» тас жолымен кіріп келе жатқан әрбір қазақтың жүрегіне отансүйгіштік сезім мен батырлық рухты ұялататын, әрбір шетелдік азаматқа қазақы болмыс пен өршіл рухты сездіретін бейне – Шапырашты Наурызбай батырдың ескерткіші.
«Тарихыңды тереңінен танымай, құрмет көрсетпей, болашаққа нық қадам баса алмайсың» дейді дана халқымыз. Қазақ тарихына көз жүгіртсек, еліміз тәуелсіздігін алған уақытқа дейін талай тарландар тәуелсіздік жолында мерт болғанына куә боламыз. Еліміздің еркіндік жолындағы жасалған қадамдарының барлығына тарих куә.
Бүгінгі күні жаһандану әлеміне қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның алдында үлкен міндеттер бар. Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «…Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық тарихыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген болатын.
Елбасының айтқан рухани кодын – тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз бен әдебиетіміз құрайды. Осы орайда тарихымызға өлшеусіз үлесін қосқан, ержүректілігімен еліне пана болған батырлар бейнесі бүгінгі ұрпақ санасынан өшпеуі тиіс. Себебі, ұлтымыздың бойындағы өзгелерден оқ бойы озық тұрар еркіндікке ұмтылу, батырлық рух секілді ұлттық кодтарымызды жас өскелең ұрпақ бойында қалыптастыруда өткенді ұлықтаудың, тарихымызды тереңінен зерттеудің маңызы зор.
Елдің рухани жаңғыруын жүзеге асыруда тарих қойнауындағы өшпес орны бар тұлғалардың ел үшін атқарған еңбегін насихат етудің орны бір төбе. Абылайхан дәуірінде елі үшін аянбай еңбек еткен сондай біртуар тұлға – Шапырашты Наурызбай батыр.
Ел іргесін жаудан сақтап қалу – өзектілігін қай ғасырда болсын жоймайтын маңызды мәселе. Абылай ханның тұсында ханның бас әскерлерінің қатарында болып, қай шайқаста болсын елі үшін жанын қиюға дайын болған батырлар аз болмады. Соның бірегейі – Наурызбай батыр Құтпанбетұлы.
Қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жалпақтас деген жерінде туған, Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Төлеміс руынан шыққан, Абылай ханның ту ұстаушы үш батырының (Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай) бірі, қолбасшы, атақты батыр. Өмірі жоңғарларға қарсы соғыста өткен Наурызбай батыр жоңғар басқыншыларына қарсы кескілескен шайқастарда аты шыққан.
Ең алғашқы ерлігі жоңғарлармен 1729 жылы Жетісу жерінде болған жекпе-жек соғыста қалмақтың бас батыры, алдымен Қаскелеңді, одан кейін Боралдай мен Шамалханды өлтіруінен көрінген. Осындай ерлігімен көзге түскен батырдың бүкіл өмірі ат үстінде, ел тыныштығын сақтау жолында өткен.
Бүгінгі күні осындай хас батырдың есімін келесі ұрпақтарға жеткізу жолдары да басты назарда. Себебі, жаһандану әлеміне кіру үшін де біздің басты ұлттық кодымыздың бірі – осы батырлар есімін ұмытпай, ұлықтауымызда.
Шапырашты Наурызбай батырдың 2006 жылы 300 жылдық мерейтойына орай Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Алматы облысының Қарасай ауданының аумағындағы биік төбе басына ескерткіш орнатылған еді.
Алматы-Бішкек тас жолы бойында Қаскелең қаласы тұсында алыстан мен мұндалап, ерлік пен өрлікке, бірлік пен берекеге шақырып тұрған алып ескерткіштің ашылуына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы келген болатын. Ескерткіш жобасының авторлары – Қ. Жарылқапов, мүсінші Н. Далбай, тас кесу жұмыстары-В. Черепанов болды. Ескерткіш 2006 жылдың 16 қыркүйегінде ашылған болатын.
Ескерткіштің бұл жерден бой көтеруі де тегін емес-ті. Батырдың ең алғашқы жоңғарлармен шайқасы болып, өзінің өршіл рухын көрсеткен жер де осы маңайда болатын. Батырдың жол бойында ерекше көзге түсетін биіктікте орналасуының да өзіндік мәні бар. Сонымен қатар, ескерткіш мемлекттік тізімге еніп, қорғауға алынған.
Еліміздің дамуын қаласақ, елдің өткенін бағалап, ардақтап, болашаққа мақтанышпен көрсетуіміз қажет. Осы жолда бірегей батыр бейнесін жоғалтпай, даралығын таныту жолында Шапырашты Наурызбай батырдың тарихи ескерткішінің маңызы зор.

А. Келекенова,
АОМА Қарасай филиалының
архивисі.