Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту – аса маңызды мәселе

Нәтижелі жұмыспен қамту,  жаппай кәсіпкерлікті дамыту – аса маңызды мәселе

Қазіргі кезде еліміздегі «Нұр Отан» партиясы халықтың мұң-мұқтажына ерекше көңіл бөлетін, азаматтар қажеттілігін, тұрғындар сұранысын қамтамасыз ететін іргелі саяси ұйым екендігі белгілі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауымен ел дамуының жаңа кезеңі басталып, өркендеуге, әр тұрғынның әл-ауқатын жақсартуға негізделген «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы іске асуда. Осы орайда «Нұр Отан» партиясының Қарасай аудандық филиалы да билік пен халықтың арасындағы алтын көпір іспеттес болып, өңірде атқарылған игілікті істердің ұйытқысы бола білуде. Соның бір дәлелі, тұрғындардың еңбек белсенділігін күшейтуге, жұмысқа орналастыруға көмек беруге бағытталған «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында өткен азаматтарды бірыңғай қабылдау күні.
Кездесуге осы мәселерді шешуге құзырлы мекемелердің жетекшілері қатысты. Олар – аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Эльмира Тасырова, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаева, кәсіпкерлік бөлімінің маманы Асқар Бафиев және аудандық «Атамекен» ҰК палатасы филиалының маманы Гүлбану Қуатхан.
Бұл бас қосу негізінен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыру мәселелеріне арналды. Алдымен, «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат мемлекеттік органдардың басты ісінің бірі жұмыссыз азаматтарды, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларын жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тарту бойынша халықпен тікелей түсіндіру жұмыстарын жүргізетін диалогтық алаңдарды ұсыну болып табылатынын айтты.
Сонымен қатар, кездесу барысында қатысып отырған мекеме басшылары өз тараптарынан тиісінше мәліметтер берді. Әсіресе, жұмыспен қамту орталығы Қазақстанның солтүстік аймақтарына қоныс аудару туралы жан-жақты айтып берді. Себебі, ол жақа қоныс аударған түрлі мамандық иелеріне бос жұмыс орындарының болуымен қатар, жалға үй беріліп, оның ақысын бір жыл бойы мемлекет төлейді екен. Ал, өз кезегінде «Атамекен» ҰК палатасының өкілі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жылына 75 адамға дейін тегін оқытылатындығы жайлы баяндады. Бұл қысқа мерзімді курстан өтушілер мамандандырылған сертифат алады.
Қабылдау кезінде кәсіпкерлікті ашу, несие алу және жұмысқа орналасу жөнінде сұрақтар қойылып, осы қабылдауға қатысқан мемлекеттік органдардың өкілдерінің заң нормаларына сәйкес берілген жауаптарына тұрғындар қанағаттанды.

Бұрым ОРЫНБАСАР.