Нұрлы Орда

Нұрлы Орда

Қазақстан – Мәңгілік ел нұрланған,
Жас қырандай шыңға шығып шыңдалған.
Ғасырдан ширек аса шепті бұзған батырдай,
Өттік аман талай ауыр сындардан.

Президент тұңғыш болған қазағымнан,
Ел-жұртын алып шықты азабынан.
Береке-бірлікпенен тату бол деп
Әр ұлттың жастарына салады ұран.

Саясатын еліміздің әбден нықтап,
Тірлігіне адамдардың салмай қыспақ,
Бабамыз Қаздауысты Қазбектей
Отыр ғой қос тізгінді бірдей ұстап.

Тарихта тұңғыш шекараны қаттадық,
Көрші елдермен татулықты сақтадық.
Байтақ жердің қазықтарын қатайтып
Ата-баба аманатын да ақтадық.

Астана – бұл асқақтаған ару қала,
Астана ертегідей, бәрі, бәрі жаңа.
Ел қамын ерте ойлаған Елбасымыз
Болжаған болашақты неткен дана!

Күн санап бой көтерген дара қала,
Елдігімнің еркі сенде, жаңа қала.
Астана, бар қазақтын тынысы сен
Аса алыпқа айналасың бара-бара.

Елордамыз алтын бесік – Астана,
Еуразия кіндігі сен, жас қала.
Көз тимесін жиырмадағы көркіңе
Жаса мәңгі, қарыштай бер, бас қала!

Сара жолдан сүрінбей өттік аман,
Мен қазақпын дейтіндей жетті заман.
Елбасымды ел болып қолдай білсек
Жат жанынан түңілер, білген адам.

Әлем танып мойындаған Нұр-аға
Дарабоздай боп дара тұр аға.
Хан сайлады қалың орман қазағың
Туған елдің таңдауы ғой бұл, аға!

Сабырлы жан, сараладың өмірді,
Төккен тердің жемісі де көрінді.
Басқаларға таптатпайтын жерімді
Рухы биік Елбасым бар сенімді.

Қазақстан тәуелсіз ел – тірегім,
Сен гүлденсең, қуанады жүрегім.
Нұр шашқан Астана «Нұрлы Ордам»
Бас шаһарға бар бақытты тіледім!

Айта берсем таусылмайды тілегім,
Азияда барыс болар ірі елім,
Түркі жұрты Түркістанға тәу етсе
Елбасымның үлесі деп білемін!

Дүйсенғали Серікқалиұлы Қалдыбайтегі
Даманск соғысының ардагері.