Олар – мектепті 60 жыл бұрын бітірген еді…

Олар – мектепті 60 жыл бұрын бітірген еді…

Таяуда, яғни, 16 маусым күні Елбасының сыныптастары мен курстастары, шамалғандық ауылдастары Елбасының кіндік қаны тамған қасиетті Шамалған ауылындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына жиналды. Арасында Астана қаласы мен Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан да өкілдер бар еді. Бұл жиын ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткізілетін бірнеше мерекелердің қатар келуіне байланысты ұйымдастырылды. Олар Нұрсұлтан Әбішұлының мектеп бітіргеніне 60 жыл, Украинадағы Днепродзержинскіге оқуға аттанғанына 60 жыл, білім алған Абай мектебіне 80 жыл, әсем Астанамызға 20 жыл әрі Президенттің туған күні мерекелері қарсаңындағы бас қосу болатын.
Иә, Қазақстан Тәуелсіздігінің сәулеткерлік символы, архитектуралық өнердің ғажайып туындысы болған келешегі кемелді, керегесі кең сән — салтанаты келіскен әлемде теңдесі жоқ қайталанбас әсемдігімен, сұлулығымен ЮНЕСКО-ның сыйлығымен марапатталған ару Астанамызға 20 жыл. Сан дәуірдің бұғауын бұзып, Тәуелсіз елдің туын тігер еліміздің болашақ Тұңғыш Президенті өмірге әкелген Елорданың туған күні мерекесіне орайластырылған басқосу болатын бұл.
Ал, негізгі мақсат, кейін басқа өңірлерде де жалғасатын, «Елбасы жолы» атты жобаны жүзеге асыру еді.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолынан мол мағлұмат беретін «Атамекен» орталығы бүгінде елдің рухани-мәдени өрісі саналатын киелі орынға айналғаны анық.
Оның сырт көрінісі алыстан көз тартады. Бір ауыл қонғандай аймақты алып жатқан гүлзарға, жасыл шыршаға, көкорай шалғынға бөленген жерді ауасы жұпар кең жайлау дерсіз. Ал, ішкі мазмұны мәдени-ғылыми деңгейге сай жасалған, жаңа заманның технологиялық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, заманауи озық үлгіде шебер жасақталған.
«Атамекен» орталығы төрт залдан тұрады.
1-зал – Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы, мектептегі кезі, еңбек жолының басталуы. 2-зал – Тәуелсіз Қазақстанның негізінің қалануы. 3-зал – Қазақстанның әлеуметтік -экономикалық дамуы. 4-зал – Қазақстанның сыртқы саясаты.
… Осы іс-шараға келген қонақтарды музейдің директоры Коржумбаева Адель Берікқызы мен қызметкерлері жылы жүзбен қарсы алып, оның залдарын емін-еркін аралатып, таныстырып өтті. Елбасының еңбек, өмір жолымен кеңінен танысқан қонақтар рухани азық алып, үлкен әсерге бөленді.
Жұрттың назарын өзіне қатты аударғаны Елбасының сыныптасы, облысқа, елге кеңінен танымал қоғам қайраткері, белгілі азамат Едіге Исатұлы Жүнісбековтың Нұрсұлтан Әбішұлының мектептес достарына жазған жүректі шымырлататын хатын төс қалтасынан алып,көпшілікке оқып беруі болды. Мен сол хатты оқырмандардың назарына ұсынып, газетке қоса беріп отырмын.
«Атамекен» орталығының ашылуына белсене атсалысқан Елбасының сыныптасы Амирова Күләш Сабанқұлқызы мерекенің басталуымен, алдағы келе жатқан мейрамдармен құттықтап ақ тілегін білдірді. Ендігі кезекте «Сыныптастар, курстастар» ұйымының басшысы Сертеков Бақытжан алда атқарылар жұмыстармен таныстырып, Президентіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін осындай іс-шаралар Тұңғыш Президент күніне дейін жалғасын табатынын хабарлады.
Жиналған қауым «Атамекен» орталығынан кейін Елбасының ата-анасы, ағайын-туыстары жатқан зират басына барып, әруақтарға құран бағыштап, Әбіш аға мен Әлжән тәтенің және Әбішұлы Сатыбалдының рухына тағзым етіп қайтты.
Үшқоңыр бөктеріндегі аядай ғана ауылдан шыққан бала Нұрсұлтанның әлем кеңістігіне тастүлек қырандай еркін қанат қағуы – ұлт мақтанышы. Ол өзінің асқақ ұлттық рухымен, мемлекет басқарудағы теңдесі жоқ іскерлігімен, терең білімділігімен, кісілік асыл қасиеттерімен халқының жүрегінен берік орын алған ұлы тұлға.
Еліміз өз Тәуелсіздігімен бірге түлеп, бірге жаңарып, рухани дамып өсіп келеді. Қазақ елі абырой биігінен көрінген әлемдік беделге ие болған ел болды.
Аталған мерекелерді Нұрсұлтан Әбішұлының кіші Отаны – туған жері Шамалған, болмаса Алматы мен Астана ғана емес, көп ұлтты, кең байтақ қазақ елі тегіс атап өтуде. Бұл дегеніміз, Елбасына деген бүкілхалықтық зор құрмет!
Тағы бір айта кететін жайт, Абай гимназиясының 80 жылдығына, Елбасының мектеп бітіргеніне 60 жыл толуына арналған дайындық жұмыстары Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында, осы білім ұясында бұдан бір жыл бұрын «80 іс-шара» айдарымен басталып та кеткен. Танымал ақын-жазушылармен, қоғам қайраткерлерімен бірнеше мазмұнды кездесулер, тәрбиелік мәні зор жиындар өткізілді. Әлі де өтіп келеді. Соның бірі, мектеп директоры Сайбырова Тұрсын Әділбекқызының бастамасымен, аудан тарихында, мектеп өмірінде тұңғыш рет өткізілген үздік және дарынды оқушылар кеші еді деп айтсақ болады.
…Сонымен, зират басына барып, аруақтар рухына тағзым етіп рухани жеңілденіп қайтқан жұрт Нұрсұлтан Әбішұлы 9 сыныпқа дейін оқыған Қарасай батыр мектебінде жайылған ақ дастархан басында тоғысты. Мектепте қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Назарбаева Айжан Нұрділдәқызы, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер қарсы алды. Елбасының сыныптасы Жүнісбеков Едіге дастарханды ашып, бата берді, жақсы ниет-тілегін айтып, жұртты құттықтады.
Дастархан басында әңгіме, естеліктер айтылды, астан дәм татылып, шай ішілді. Баубекова Альфия апай кезінде Нұрсұлтанға галстук таққанын әңгімелеп айтып берді. Әрі әдемі ашық дауысымен ән де салды. Рухани ләззат алған өте бір жақсы емен-жарқын отырыс болды бұл. Дастарханды Бақытжан мырза басқарып, көпшілікке өз орнымен, ретімен сөз беріп жүрді. Соңында үлкендер рахмет айтып, бата беріп, ас қайтарды.
Мұнан кейін қонақтарды мәжіліс залында оқушылардың концерті күтіп тұрды. Оны мектеп директоры Динара Әліпбекқызы кіріспе сөзімен ашып, бұл шараны өткізу мақсатына тоқталды, қонақтарға жылы лебізін білдірді. Оқушылардың күшімен тамаша концерт қойылды. Сөз сөйлеушілер жақсы пікірлерін, ой-толғаныстарын айтып, мектеп әкімшілігіне, оқушыларға алғыстарын айтты.
Ендігі кезекте марқұм Сатыбалды Әбішұлының әулеті мен Болат Әбішұлы, Әнипа Әбішқызы ата-аналарының рухына жайылған ақ дастарханнан дәм татылып, дәметкен аруақтарға құран бағышталды.
Әрбір өтетін іс-шара, әрине, қаржыға келіп тіреледі. «Қалауын тапса қар жанар» деп, оның да шешімі табылуда. Осы шараны қолға алған ұйымдастыру алқасына, атсалысқан, көмек қолын созған азаматтарға көптің айтар алғысы шексіз.
Алдағы атқарылар істерге де сәттілік, жақсы нәтиже тілеймін, деген өз ризашылығымды мен де білдіремін.

Ақлима КӨСЕМОВА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Қазақстан Журналистер одағының
мүшесі, Шамалған ауылындағы орта мектептің «Президент әлемі»
музейінің ғылыми жетекшісі,
ақылдастар алқасының мүшесі.