Домбыра күні аталып өтті

Домбыра күні аталып өтті

Бірінші шілдедегі Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Ұлттық домбыра күнін барлық қазақстандықтар аса үлкен салтанатпен атап өтті. Осынау нағыз, шынайы халықтық мерейлі мерекеден қасиетті Қарасай жерінің ел-жұрты да қалыс қалған жоқ.
Атап айтқанда, аудандық Қоғамдық келісім комиссиясының төрағасы, Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Несіпбала Әбілдаева аудан орталығындағы перзентханада осы күні дүние есігін ашқан жеті нәрестенің аналарына кішкентай сувенир домбыра сыйлап, ізгі тілегін білдірді.
– Бұл сәбилерге, – деді осы арада Несіпбала Әбенқызы, – Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап сияқты ұлы бабаларының, Дина тәрізді ұлы әжелерінің, қазіргі кездегі Айгүл Үлкенбаева сынды апаларының өнері қонып, олар да домбыраны «шебер сөйлеткен» керемет күйші болса дейміз. Өйткені, домбыра сонау көне дүниеден келе жатқан ұлы мұрамыз, асыл қазынамыз. Ол қазақпен бірге жасасып, ғұмыр кешіп келеді. Сондықтан да халқымыздың өміріндегі орны өте үлкен!
Сонымен қатар, бұл күні аудандық мәдениет үйінде осы шынайы халықтық мерекеге арналып тамаша концерт болды, оның барысында қарасайлықтар өздерінің өрелі өнерлерін ортаға салды.
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп аталатын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы, аталған кеште домбырадан сандаған тәтті күй төгіліп, оның сүйемелдеуімен сан алуан әсем әндер әуеледі.
Осылайша, «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, оның жекелеген мүшелері, сондай-ақ, Қаскелең мәдениет колледжінің оқытушылары және тағы басқалары күмбірлеген күймен жиналғандардың әбден құлақ құрышын қандырды.
Атап айтқанда, «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблі Қуаныш Жұмағалидың «Замана жыры», аталған ансамблдің мүшесі Жұлдыз Мұқышева Динаның «Науат», Мәдениет колледжінің оқытушысы Медет Садыбаев Құрманғазының «Байжұма», «Қазақстан» домбырашылар ансамблі Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Мәдениет колледжінің оқытушысы Бауыржан Жұматаев Құрманғазының «Төремұрат» күйін толқыта, төгілте орындап, концертке келушілерді өте риза етті, домбыраның қасиет-қадірін тағы бір дәлелдеді.

Берікбай ҚАДЫҚОВ.

 

Последние новости

Коворкинг орталығы ашылды
Ертеңімізге деген сенімімізді ұлғайтады
Танзиля – сала үздігі!
Идя по пути, сопряженному с вечностью
Ұлы ақынға арналған әдеби кеш
Об «Огнях» – с любовью…
Темірқазық
Халықтық құдіретті аспаптың ұлылығын түсінген