Ұлы ақынға арналған әдеби кеш

Ұлы ақынға арналған әдеби кеш

2018 жыл ТҮРІКСОЙ туының астында «Мағжан Жұмабаев жылы» болып жарияланды және оның туғанына 125 жыл толып отыр.
Мағжан өз елін, өз жерін мадақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын анықтауға ұмтылған, өлең сөздің асыл маржанын төгілткен, сұлу жырымен оқырманын егілткен ақын. Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығында мұңлы толғаныс, өкіну, қайғы-қасірет, күйініш те бар.
Осыған орай, жақында аудандық кітапхананың оқу залында, өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет салған, сөзге жан бітірген мәдениеті зор ақын Мағжан Жұмабаевқа арналған «Мен жастарға сенемін!» атты әдеби кеш өтті.
Шараның басты мақсаты оқушыларға Мағжанның өмірі мен шығармашылығын таныту арқылы оның ақындық тұлғасы мен философиялық ойларынан нәр алғызу болды.
Кешке аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қыдыралиев, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Ш.Қанатқұлқызы, ардагер ұстаз А.Көсемова қатысты.
Алғашқы сөз кезегін алған Сайлаубек ағамыз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ауданда өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырып тарихи тұлғаларымызды еске түсіретін көптеген іс-шаралар өтіп жатқанын және бұл жиын Мағжанды жастардың жадына салатын кеш екенін тілге тиек етті.
Одан кейін сөз тізгіндеген Шара апамыз азаттық үшін арпалысып өткен алаш арыстарының бірі Мағжан бабамызды еске алатын бүгінгі шараны ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғыс білдіріп, ұлы тұлғаларды ұмытпай есте сақтайтын, бабалар жолын ізгілік ізінен адаспай болашаққа жалғайтындар жастар екендігін, Мағжанның жырлары келешекте де үлкен мұра болатынын атап айтты.
Әсем әнмен өрнектелген, әдемі бимен көркемделген кеште оқушылар жиылған жұртқа Мағжанның өмірбаянынан көріністер көрсетіп, өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Кеш соңында сөз алған аудандық кітапхана директоры У.Қаханқызы кешке қатысушыларға рахметін айтып, өз алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Ұмтыл ауылдық кітапханасында «Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы» атты таным сағаты өткізіп, онда бүкіл халқымыз бас иер асыл тұлға – ұлтжанды ақын Мағжан Жұмабаевтың тарихтағы баға жетпес орнын паш ете отырып кітапханаға келген оқырмандарға өмірбаянын және еңбектерін таныстырды.
Аталған іс-шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары, ауыл тұрғындары қатысты. Кітапханашы Ж.Қарқынбаева «Мағжан әлемі» атты тақырыптағы кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.
Иә, өзіне дейінгіге де, кейінгіге де ұқсамайтын, өзіндік тамаша қолтаңбасы бар ақындардың бірі – Мағжан Жұмабаев. Бұл ретте ел мақтанышы, асылы, ардағы болған Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай қалалық кітапханада «Алаштың ұлы арысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеге Мағжан еңбектері, өмірбаяны және ол туралы ақын-жазушылардың естеліктері, арнаулары қойылды. Кітап көрмесіне шолу жасалып, оқырмандар Мағжанның өлеңдерінен үзінді оқыды.
К. СОПБАЕВА,
кітапхана әдіскері.

 

Последние новости

Об «Огнях» – с любовью…
Темірқазық
Халықтық құдіретті аспаптың ұлылығын түсінген
Қағаз құжат азайып келеді
Өркениет қақпасы
Ішкі істер басқармасындағы мереке
Победители летней спартакиады
«Ван Дамм» из Каскелена