Халықтық құдіретті аспаптың ұлылығын түсінген

Халықтық құдіретті аспаптың ұлылығын түсінген

Қазақ халқының аспаптық музыка саласы сан ғасырлар бойы қаншама тарихи кезеңдердің рухани нәрін бойына жинап, өзіндік айрықша үнмен, өзгеше нақышпен, шебер шыңдалып, кемел дамып, ұлттық дара сипатта қалыптасты, десеңізші!
Әсіресе, домбыра аспабының қазақ халқының руханиятында алар орны ерекше. Қазақ домбырасының түп тамыры сонау замандардан бастау алған. Көне түрік дәуірінен бері талай ғасырлардың талқысынан өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жеткен домбыра – қазақ халқының баға жетпес ұлттық құндылықтарының бірі болып саналады.
Қазаққа домбырадан шешен, домбырадан көсем дос жоқ. Бүгінгі тілмен айтсақ, қазақтың бірегей бренді – домбыра. Айшықты белгі. Анық болмыс.
Домбыра дәуірі қайта жаңғырып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап өткендей, тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы да осы төл аспабымызды төрге шығарумен тікелей байланысты болмақ.
Президентіміз жоғарыда айтқан келешекке керек кешенді жұмыстар бүгінде кезең-кезеңімен атқарылып та келеді. Соған бір дәлел, Елбасының жақында әр шілденің біріншісі жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» деп атау туралы Жарлыққа қол қоюы.
Ауданымыздағы жас домбырашылардың бірі – Жұлдыз Мукушова. Ол әлі де шеберлігін шыңдап, нағыз қазақтың исі аңқыған сүйрік саусақты домбырашысы болуды мақсат етеді. Көкшетау қаласында туған, отбасындағы бес баланың үшіншісі. Басқа бауырларының өнерге ешқандай қатысы жоқ екен.
Жұлдыздың қазақтың қасиетті аспабына деген ерекше сүйіспеншілігін ерте байқаған анасы оны дарынды балаларға арналған музыка мектебінде оқытады. Өнер ордасын үздік бағамен аяқтап, арман қуып Алматы қаласына келген бойжеткен білімін кәсіби тұрғыдан жетілдіру үшін Құрманғазы атындағы консерваторияға түседі.
Осы өнер қарашаңырағының 3 курсында оқып жүргенде-ақ, ауданымыздағы мәдениет үйінің жанынан құрылған «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің құрамына қабылданған.
Бүгінде шығармашылық топтың белді мүшесі. Қазірдің өзінде бірнеше халықаралық, республикалық жарыстардың лауреаты атанған. Сонымен қатар, Жұлдыз Алматы қаласындағы «Мұрагер» өнер мектебінде ұстаздық етіп, бар білгенін жас бүлдіршіндерге үйретіп жүр.
–Қазіргі таңда жастардың ұлттық аспаптарға деген қызығушылығы жоғары. Менің көптеген қатарластарым атадан мұра боп жеткен дәстүрлі өнерімізді дамытуға барынша өз үлестерін қосып жүр. Домбыраның өз тілі бар. Қос ішектен күмбірлей төгілген кербез үн көп жайтты баяндап береді. Тек оның үнін ұғына білу керек, – деп ағынан жарылған кейіпкеріміз келешекте осы қара домбыра арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне қазақтың жасампаз, жаңғырған Мәңгілік елін танытуды армандайды. Оған біз де тілекшіміз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.

 

Последние новости

Қағаз құжат азайып келеді
Өркениет қақпасы
Ішкі істер басқармасындағы мереке
Победители летней спартакиады
«Ван Дамм» из Каскелена
Жүгіруден жарысқа түсті
Цифрландыру – ел дамуының басты кепілі
«Ән атасы – Әміре»