Цифрландыру – ел дамуының басты кепілі

Цифрландыру – ел дамуының басты кепілі

Мемлекетіміздің заман талаптарына сай болуы, экономикасы мен қоғамдық қарым-қатынастары дамыған елдердің санатына жетуі – тәуелсіздіктің басты мақсаты. Осы орайда елімізде көптеген игілікті істер атқарылуда. Соның бірі – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы.
Жыл өткен сайын еліміздегі мемлекеттік қызмет көрсету аясы кеңейіп, халыққа қызмет көрсету сапасы да жақсарып келеді. Осы тұрғыда еліміздің түкпір-түкпірінде он жыл бұрын халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚО) ашылған болатын. Енді осы орталықтардың саны артып, мамандандырылған ХҚО-лар мен миграциялық және цифрлы ХҚО-лар іске қосылуда. Осы ретте көкейімізде көптеген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Мәселен, халыққа қызмет көрсету орталықтарының рөлі қандай? ХҚО жұмысын жеңілдетуде цифрлы технологиялардың алар орны қандай? Жер мәселесіндегі кедергілер қалай шешілмек? Жер телімдерін уақыт оздырмай алу үшін не істеу керек? Заңсыз жер алушылар мен заңсыз құрылыспен айналысатындарға қарсы қандай шаралар қолданылады? Мемлекеттік қызмет саласында цифрландыру үдерісі қалай жүруде? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Абылайхан ОСПАНОВПЕН әңгімелескен едік.

− Абылайхан Есенұлы, алғашқы сұрағымызды корпорацияның құрылымынан бастасақ. «Азаматтарға арналған үкімет» қашан және қандай мақсатпен құрылды?
− «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2016 жылы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бірыңғай провайдері болу мақсатында құрылды. Оның құрамына төрт республикалық мемлекеттік кәсіпорын − «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық», «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» және «Жылжымайтын мүлік орталығы» кірген болатын. Қазір осы бағытта қызмет көрсету саласын дамытып, бизнес-үдерістерін жетілдіріп, озық технология-ларды енгізу бойынша ауқымды жұмысты іске асырудамыз. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 83 пайызы біздің корпорация арқылы ұсынылады.
− Аталған салада цифрландыру барысы қалай жүзеге асып жатыр? Қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?
− Бұл сұраққа жауап бермес бұрын ХҚО-ның ашылу тарихы туралы айтып өтсек. Алғашында халыққа қызмет көрсету орталықтары электронды қызметті қолданбайтын. «Бір терезе» қағидаты енгізіліп, тұрғындарға қызмет ету үшін бірыңғай ақпараттық жүйе жасалды. Уақыт өткен сайын бұл орталықтар дамып, қазір толық трансформациядан өтті. Сондай-ақ электронды үкімет қолға алынып, egov.kz арқылы азаматтар өз бетінше қызмет алу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі таңда біз «бір өтініш» қағидатына өтудеміз. Бұл − халыққа бірнеше қызметті бірден көрсету. Оның үстіне ТМД бойынша алғашқы болып проактивті қызметтерді енгізіп жатырмыз. Қазір бала туу бойынша мемлекеттік қызметтерді сәбилі болған ата-аналар перзентханадан шықпай, телефонның көмегімен-ақ ала алады. Яғни туу туралы куәлікті, балабақшаға кезекке қою, жәрдемақыларды тағайындауды SMS-тің көмегімен рәсімдеуге болады. Алдағы уақытта адамның өмір-лік жағдайына байланысты бірқатар қызмет осы проактивті тәсілге көшіріледі. Цифрландыру деңгейінің тағы бір көрінісі – егер біз жылына 38 миллионға жуық қызмет көрсетсек, оның 60 па- йыздан астамы электронды нұсқада ұсынылады. Бұл орайда айтарым, халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру, қызметтерді жаппай электронды нұсқаға көшіру – біздің қызметтегі басты басымдықтардың бірі.
− Цифрландыруға көшудің негізгі себебі қандай?
− Азаматтар өзгеге кіріптар болмай, өз бетінше қызмет алса дейміз. Егер электронды қызметтерді алып үйренсе, халық ұзын-сонар кезекте тұрып, алтын уақыттарын жоғалтпас еді. Оның үстіне қызметтерді өз бетінше алу қаржылай жағынан да тиімді, яғни босқа шығындалмайды. Осы мақсатта халықтың цифрлы сауаттылығын көтеруге күш салудамыз. Біздің ХҚО-дағы мамандарымыз әр қызмет алушыға электронды үкімет порталын қолдану жолдарын түсіндіреді. Сондай-ақ өздеріңіз де естіп-біліп жүрсіздер, біз Халыққа цифрлы қызмет көрсету орталықтарын ашуды қолға алдық. Қазіргі таңда мұндай орталықтар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бар. Жыл соңына дейін басқа аймақтарда да ашуды жос- парлап отырмыз.
− Ал цифрлы ХҚО-ның күнделікті көз үйренген ХҚО-дан айырмашылығы неде? Цифрлы сауаттылықтың адамға қандай пайдасы бар?
− Басты айырмашылығы – халыққа электронды қызмет алуды үйретеді. Бұдан соң азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болады. Біздің мамандар электронды үкімет порталы мен мемлекеттік сатып алу порталын қолдану жолдарын көрсетіп, сондай-ақ электронды коммерцияның қалай жүзеге асыр-ылатынын, қалай тауар сатып алуға болатынын орталықта егжей-тегжейлі айтатын болады. Оқыту курстарына кез келген азамат қатыса алады және курс тегін жүргізіледі. Егер мемлекеттік қызмет көрсету саласында толықтай электронды жүйеге көшетін болсақ, 13 млрд теңге үнемделеді. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайына оң ықпалын тигізетіні, азаматтар үшін қаншалықты тиімді екендігі айтпаса да түсінікті.
− Баспасөз беттеріндегі мәліметтерге сүйенсек, сіздер 8 миллион халықтың цифрлы сауаттылығын арттыруды қолға алыпсыздар. Мұны қалай жүзеге асырмақсыздар? 

− Жаңа айтып өткендей, Халыққа цифрлы қызмет көрсету орталықтарында оқу сыныптары ұйымдастырылған. Сондай-ақ қазіргі таңда арнайы спикерлерді дайындаудамыз. Түрлі мекемелер мен ұйымдарда, мектептер мен жоғары оқу орындарында біздің спикерлер дәріс оқып, қызметтерді электронды нұсқада алу жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп жатыр. Қазақстанның барлық аймағында ауқымды акциялар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырудамыз. Ал шалғайдағы елді мекендерге біздің 70 мобильді ХҚО қызмет көрсетіп, ауылдағы аға- йынға өз бетінше қызмет алу жолдарын түсіндіруде.
− Алдағы уақытқа жоспарларыңыз қандай?
− Жоспар көп, цифрлы мемлекетке айналу жолында тағы да көптеген жаңашылдықтарды енгізіп, қанатқақты жоба-ларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Соның біріне тоқталсақ, жуырда Астанамыздың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ЭКСПО кешенінде заманауи «Digital Centre» цифрлы қызмет орталығын ашамыз. Онда азаматтарға операторлар емес, жасанды интеллект қызмет көрсетеді. Қазақстандықтар бұған дейін кинода ғана көрген робогидтер мен галограмма мүмкіндігін шынайы өмірде қолдана алады. Сондай-ақ биылғы кешенді шаралардың бірі, Алматы мен Ақтөбе қалаларында көші-қон мәселе-сімен айналысатын миграциялық ХҚО ашуды жоспарлап отырмыз.
− Миграциялық ХҚО ашу не үшін қажет болды?
− Біздің қызметіміз қазақстан-дықтардың игілігіне ғана емес, елімізге келген шетелдіктерге де жайлы жағдай жасауға бағытталған. Көші-қон саласындағы қызметтерді сапалы әрі қолайлы ету үшін қанатқақты жоба ретінде Астанада Миграциялық ХҚО ашылған болатын. Шетелдіктердің Қазақстанға келгенде, сергелдеңге түспей, еліміз жайлы жақсы пікір қалыптастыруы аса маңызды мәселе. Мәселен, бұрын олар ЖСН алу үшін салық мекемесіне, медициналық сақтандыруды алу үшін емханаға, өмірін сақтандыру үшін сақтандыру компаниясына барып, әбігерге түсіп, көп уақытын жұмсайтын. Ал бүгінде барлығы бір жерге шоғырландырылды. Бұл тұрғыда миграциялық ХҚО-ның қаншалықты тиімді екені түсінікті жайт.
− Сіздер ұсынған тағы бір жоба – анықтамасыз қызмет сервисі бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып жатқан көрінеді. Алайда бұл жерде азаматтардың жеке мәліметі қаншалықты қорғалған деген сұрақ туындайды.                     − Расымен, биыл Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің тапсырмасымен электронды үкімет порталында «Paper free» сервисін іске қостық. Енді азаматтар мемлекеттік органдарға мекенжай анықтамасын, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтамаларды қағаз жүзінде апаруға міндетті емес. Жаңа жобаға сәйкес SMS-хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда, үшінші тұлғалар ақпараттық анықтамалар ала алады. Ал жеке мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету біз үшін аса маңызды мәселе. Бұл орайда қажетті іс-шараларды атқарып, үнемі күн тәртібінде ұстаймыз. Бір ғана мысал, қазір жеке мәліметтерге қолжетімділік функциясын бұғаттау жобасын енгізіп жатырмыз.
− Бұл қандай жоба, толығырақ айтып кетсеңіз.
− Бұл функция электронды үкімет порталында жүзеге асырылады. Біз халыққа жеке мәліметтеріне қолжетімділікке тыйым салу мүмкіндігін ұсынбақпыз. Бұл жобаға сәйкес, егер азаматтар жеке мәліметтеріне қолжетімділікке тыйым салса, ешкім де, тіпті ХҚО қызметкері де жеке мәліметтерді көре алмайды. Операторлар қандай да бір қызмет ұсыну барысында жеке деректерге қол жеткізу үшін азаматтардың SMS-рұқсатын алуы тиіс. Жобаға сәйкес электронды үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы азаматтар өзінің жеке мәліметтеріне қолжетімділікті жауып тастап, қажет болған жағдайда қайта қоса алады. Айта кету керек, бұғаттау функциясын жеке кабинет арқылы ғана жасауға болады. Жеке мәліметтерге қолжетімділікке ты- йым салу функциясын өшіру үшін SMS қызметін іске қосу керек. Яғни егер қолжетімділік бұғатталған болса, аза-маттың ЖСН-нің жүйеге енгізгенде, ХҚО операторы қолжетімділікті ашу туралы SMS-хабарлама алады. Қызмет алушының SMS-рұқсатын алған жағ-дайда ғана фронт-офис жұмысшысы қандай да бір мемлекеттік қызметті көр-сете алады. Бұл сервисті қолдану үшін қызмет алушы мобильді азаматтар базасына тіркелуі тиіс. Мұны электронды үкімет порталындағы жеке кабинетте немесе кез келген ХҚО-да жасауға болады.
− Сіздердің қызметтеріңізге жер кадастры да кіреді екен. Осы салада цифрландыру қалай жүруде? Республика көлемінде айтып өтсеңіз?
− Сұрағыңыз орынды. Мемлекет басшысы жақында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында жер телімдерін есепке алуды автоматтандыру бойынша тапсырма берген болатын. Осыған байланысты бүгінде белсенді жұмыстар атқарудамыз. Бұған қоса, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында жер мәселесі туралы арнайы іс-шаралар жоспарланған. Айта кету керек, елімізде жер алу қиын. Неге? Өйткені бұл процесс қағаз түрінде болғандықтан, ұзақ уақытты талап етіп отыр. Адамдар арыз жазады, одан оны жер кадастры қарайды. Бұдан кейін келісім алу үшін тағы 12-ден аса орталыққа жолданады. Ол арызды көптеген монополиялық ұйымдар (сумен жабдықтау, жылумен қамту, электрмен жабдықтау) қарайды. Қазіргі таңда алдымызда тұрған тапсырма – жер кадастрына қатысты қоғамдық қарым-қатынастарды цифрландыру. Бұл өз кезегінде бірыңғай электронды картаның құрылуына әкеледі. Ал бірыңғай электронды карта құрылатын болса, аталған орталықтар жер туралы мәліметтер базасын сол электронды картаға салады. Нәтижесінде кез келген жер алушы тұрғын карта арқылы алғысы келетін жері туралы мәліметті авто-матты түрде біле алады. Яғни ол жер ауыл шаруашылығына сай келе ме, не-месе құрылыс үшін қуаттылығы жете ме, соның бәрі бір базада болғандықтан, автоматты түрде бәрі көрініп тұрады. Бұдан кейін бұрынғыдай 12 орталыққа арыз жазудың қажеті болмай қалады. Мұны жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып жүзеге асыратын боламыз. Болашақта барлық жер алу процесі ашық электронды алаңда жүреді. Жерді барлығы тең құқықта алу мүмкіндігіне ие болады. Тағы да айта кетерлігі, заңсыз жер алушылар мен заңсыз құрылыспен айналысатындарды да цифр-ландырудың аясында анықтауға болады. Өйткені ұшқышсыз аппараттар және дрондар мониторинг жасап, жер телімдерін бақылап отырады. Осылай-ша, біз заң бұзушылықтарды цифрлы технологиялардың көмегімен анықтай аламыз.
− Абылайхан Есенұлы, Сіз бұл салаға қалай келдіңіз? Білуімізше, ақпараттық технологиялар саласының маманы екенсіз?
− Көпшілік қауым менің жасымды сұрайды. Жасым − 32-де. Алғашқы ЖОО-ны информатика (бағдарламашы) мамандығы бойынша елімізде оқыдым. Кейін қосымша заң саласын оқып алдым. Ал қазіргі таңда Халықаралық бизнес академиясында білім алудамын. Мұнда әкімшілік басқаруды меңгерудемін. Дамуға тек оңтайландыру және жаңа технологиялар арқылы жетуге болады. Сол себепті басшылық мені ІT саласының өкілі ретінде жаңа технологияларды осы салаға енгізсін деп «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына төраға етіп тағайындаған болатын. Осындай зор сенім артылғандықтан, барлық білім-білігім мен қажыр-қайратымды ел сенімін ақтауға жұмсап келемін.
− Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Назерке ЕРКІНҚЫЗЫ.
(«Егемен Қазақстан» газеті, 21 маусым, 2018 жыл).