Әдемі әуен әуелейтін жер

Әдемі әуен әуелейтін жер

Білім беру стандарты тек белгілі бір білім деңгейін оқытса, ал, баланы шығармашылыққа баулып, оның дамуына жан-жақты жағдай жасау, сөйтіп, жасөспірімдердің өзін үздіксіз жетілдіріп, қосымша білім алуын қамтамасыз етуде ата-аналар мектептен тыс мекемелердің көмегіне жүгініп жатады. Шынында да қосымша білім оқыту ғана емес, тәлім-тәрбие берудің таптырмас құралы. Өйткені, ол баланың мектептегі білімін дамытып тереңдете түседі, бос уақытын өнімді әрі тиімді пайдалануға үйретеді, өзінде бар шығармашылық қабілетін жетілдіреді.
Сондай орындардың бірі – ауданымыздағы Қаскелең қаласында орналасқан «Өнер» мектебі. Аталмыш орталықтың ұзақ жылдық тарихы бар. Қазіргі таңда қарашаңырақ дарынды жастардың шығармашылығын шыңдап, қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрлі өнерін жаңғыртып келеді. Оқушылардың өнерге ынтасын оятып, ән айтуда музыкалық қабілетін қалыптастырумен қатар, ортақ табысқа қуана білу, эстетикалық талғам сезімдерін дамытуға тәрбиелеуде.
1969 жылы құрылған өнер мектебі бастапқыда тек музыка бөлімшесінен тұрған. Бұл мәдени ошақ абыройлы еңбек етіп, музыка саласында білім беруде, үлкен табыстарға жетіп, өмірде айтарлықтай із қалдырды. Жыл өткен сайын қажырлы еңбектерінің арқасында қала халқының мәдениетінің деңгейі өсіп, жасөспірім талантты бүлдіршіндер музыкалық білім алуға ұмтылып, ары қарай өркендеп отырды. Сол уақыттағы ұстаздардың жанқиярлық еңбектерінің нәтижесінде 1983 жылы қосымша жеті бөлімше ашылады. Фортепиано мен хореография бөлімінде жеті жыл, ұлттық аспаптар, вокал және бейнелеу өнерінде балаларды бес жыл оқытуды енгізу арқылы бүлшіндерге кәсіби түрде білім алуға мүмкіндігін туғызды.
Бәрімізге белгілі, біздің республикамызда үш баспалдақтан тұратын музыкалық білім беру жүйесі – балалар музыкалық мектебі, колледж, консерватория болып қалыптасқан. Сондықтан да мектептің оқыту, әдістемелік және тәрбие жұмыстарының негізгі бөлігі әуесқойлардың музыкалық сауаттарын ашып, таланттардың өсуіне бағытталып құрылған. Сөйтіп, алғашқы музыкалық білім беруді дамыту екі бағытта жүреді: біріншісі тереңдетілген, яғни, болашақ музыка колледжінің оқушыларын, лауреаттарды, мықты кәсіби музыканттарды қалыптастыру, екінші жалпылама, кең көлемде қазақ халқының ұлттық дәстүрдегі өнер түрлерін қамтитын музыка жанрларына тәрбиелеу. Осындайда бала бойындағы талантын танытып, оны ашуға ықпал ететін абыройлы тұлға – ұстаз. Мұндағы ерекшеліктің бірі, жанын салып жұмыс атқарып жүрген тәлімгерлердің 80 пайызы осы мектептің түлектері. Түлеп ұшқаннан кейін білімдерін жоғарғы оқу орындарында жетілдіріп келген оқу орны меңгерушісінің орынбасары Ирина Усова бастаған оқытушылар Светлана Сумская, Галина Шеретова, Бибігүл Галиулина, Анна Вершинина бүгінде білікті мамандар. Бұлай деуімізге үлкен себеп бар. Өйткені, осыған дейін олар тәрбиелеген, бойына рухани тәлім сіңірген жас өрендер талай үлкен додаларда топ жарып жүр. Олардың арасында облыстық, республикалық, халықаралық жарыстар да бар. Атап айтсақ, жыл сайын «Жас музыкант», «Дельфий ойындарының» жарыстарына қатысып жеңімпаз атанып жүр. Ал, соңғы жүлде қоры «Нұрлы дала» конкурсындағы «Бал бөбек» би тобы мен Тоқтан Нұрдан, Жұманиязов Нұрдананың алған жүлделерімен толықты.
Өнер ордасын басшылығын 1993 жылдан бері «Ерен еңбегі» медалі, «Мәдениет саласының үздігі» атағы бар, бірнеше кітаптың авторы Дүйсебай Шаштайұлы тізгіндеген. 2000 жылдан бері мемлекеттің қаржыландыруына іліне алмауына қарамастан, білікті басшы жекеменшік ЖШС «СЕРПІН» деп атап мекеменің жұмысын тоқтатпай, әлі күнге дейін жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда орталықта 200-ге жуық жасөспірімдер кәсіби түрде тәлім алуда.
Жарты ғасырға таяу тарихы бар өнер мектебі, құрылған кездегі ғимаратта жұмыс істейді екен.
– Мәдениет саласындағы өзгерістер мен жетістіктер, музыкалық білім беру саласындағы заманауи мақсаттар бөлім немесе әр ұстаздың алдына жаңа міндеттер жүктейді. Міне, осы аса жауапты міндеттерін ұстаздар тиянақты орындауда. Дегенмен де бұл мәдени ошақ болғандықтан әсемдік пен үйлесімділік болуы керек. Сондықтан өнер мектебі заманауи жасақталған ғимаратта болғаны дұрыс еді. Бірақ, келесі жылы шама келгенше жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын жасаймыз, – деп сөзін қорытындылады мектеп директоры Жұмабай Шаштайұлы.
Бұрым ОРЫНБАСАР.

 

Последние новости

1918-1921 жылдардағы Жетісу өлкесіндегі халық ағарту ісі
Мейірімді медбике
Верность профессии и коллективу
Интегралды медицина орталығы
Білікті дәрігер Алиф-Фирангиз
Дамиля жансақтау бөлімшесін басқарады
Телефоныңызды тіркедіңіз бе?
Жамбылдағы жас кәсіпкер