Білікті дәрігер Алиф-Фирангиз

Білікті дәрігер Алиф-Фирангиз

Адам жанының арашашылары – медицина қызметкерлеріне деген көпшіліктің көңілі көне кезден айрықша десек, әсте ақиқаттан аттамағанымыз.
Жалпы, басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан жоқ. Сондай сәтте, болмаса, бойымыздан сәл-пәл сырқат белгісі біліне қалса, алды-артымызға қарамай-ақ желеңділерге асығып, жедел жүгіре жөнелетініміз де рас қой.
Мұндайда өз кәсібінің шынайы шебері, жүктелген міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, мамандығына шын берілген дәрігерлерге деген сый-құрметіміз, әрине, ерекше.
Бұл ретте аудан орталығындағы «Достар-Мед» клиникасына қарасты «Алат С» ЖШС медициналық мекемесі күндізгі стационар бөлімшесінің емдеуші дәрігері Фахратова Алиф-Фирангиз Испандиевнаның есімін де алдымен атауға болады.
2008 жылы оңтүстік астанамыз – Алматы қаласындағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің емдеу факультетін жақсы бітірген ол содан бері халық денсаулығының қырағы сақшысы болып, елеулі еңбегімен ел-жұртқа танылып келеді.
Алдымен үш жыл аудандық орталық аурухананың терапия бөлімшесінде істеді. Онан кейінгі қызмет жолы «КИЗ» -де учаскелік терапевт-дәрігер ретінде жайымен жалғасты. Сонымен қатар, төрт жыл аудан бойынша емделуге квота белгілеу жөніндегі жалпы практикадағы дәрігер қызметін де абыроймен атқарды.
Бірінші санатты дәрігер соңғы бір-екі жыл көлемінде, жоғарыда айтқанымыздай, «Алат С» медицина мекемесінде жұмыс істейді.
Алиф-Фирангиз Испандиевна, сондай-ақ, берекесі мол, мерекесі көп сүттей ұйыған отбасының алтын қазығы болып отыр. Отағасы Илимдар да дәрігер екен. Екеуінің көздерінің ағы мен қарасындай Имдат есімді ұлдары, Филис атты қыздары бар. Ерлі-зайыптылар елге жаққан шипагер болумен қатар, осы балапандары – балаларына жастайынан жақсы тәрбие беруді де басты парыздары санайды.
Біз сөз етіп отырған алдына келген сырқатты әрдайым жайдары қарсы алып, жақсы қабақ танытатын, жылы сөйлеп, жағдайын жайымен сұрайтын білікті де білімді дәрігер, міне, осындай жан.
Медицина қызметкерлері күні мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті Алиф-Фирангиз Испандиевна, дейміз біз!

Суретте: дәрігер Фахратова (сол жақта) мен өз міндетін үнемі жауапкершілікпен атқаратын білгір медбике Надира Қыстаубаева.

Берікбай ҚАДЫҚОВ.