Қазіргі таңда елімізде тыныштық-тұрақтылықты сақтау мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынып, іске асырылып жатыр. Соның бірі баршаға ең қажетті затқа айналған ұялы телефонға байланысты болды. Енді елімізде IMEІ коды бірыңғай базада тіркелмеген ұялы телефондар бұғатталады. Яғни, «Лаңкестікпен күрес туралы» заңға сай әрбір байланыс құрылғысының жеке коды арнайы базаға тіркелуі тиіс. Қазір ұялы байланыс операторлары осы базаны жасап, IMEI кодты жылдам әрі ыңғайлы тіркеу мәселесін қарастырып жатыр. Құқық қорғау саласы мамандарының мәлімдеуінше, елімізде ұялы телефонның көмегімен көптеген қылмыстар жасалады. Әсіресе, жаңа сим-карта мен телефон сатып алып, теракті туралы жалған ақпарат тарататындар жетерлік. Террористер де жымысқы ойын телефон арқылы іске асырады. Оның үстіне ұрлық-қарлық тағы бар. Сондықтан полицейлер бұдан былай елдегі әрбір телефонды назарда ұстап отырмақ.
Ал, енді, IMEI кодтың өзі жайлы айтар болсақ. Бұл ұялы телефонның ішінде немесе қорабының бетінде жазылып тұрған сандар жиынтығы. Олар байланыс құралы жайлы толық ақпарат береді. Бұған дейін, мемлекетіміздегі азаматтар ұялы байланысты қолдану үшін SIM картасы мен куәліктегі ЖСН, яғни жеке сәйкестендіру нөмерін тіркеп келген еді. Енді, олардың қатарына IMEI кодты да қосу міндетті болып отыр. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі басқармасының басшысы Бауыржан Қажыбаевтың айтуынша, бұл ұрлық жасалғанда және құқық қорғау органдары жедел іздестіру шараларын жүргізген кезде өте қажет. Заң талабы орындалуы үшін өткен жылдың 28 желтоқсанында «Байланыс туралы» заңның 36-бабына өзгерістер енгізілген. Яғни, қазір ұялы телефонды тіркеу үшін ЖСН және ұялы телефонның IMEI коды қажет.
Енді оның жүзеге асу механизміне келсек. Жаңа телефон алғаныңызда өзіңіздің операторыңыздың (Теле-2, Билайн, Алтел, т.б.) кеңсесіне барып тіркетуге болады. Ал, облыс немесе аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл тұрғындары үшін басқа балама жолдар қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, халыққа ыңғайлы болу үшін онлайн тіркелу әдісі ойластырылуда. Жалпы, мақсат айқын. Енді оны іске асырудың оңтайлы әдістерін енгізу ғана қалған сыңайлы.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.