Мейірімді медбике

Мейірімді медбике

Мейірімді медбикелердің жұмысы қашанда үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Дәрігер емінің нәтиже беруі де ең алдымен солардың ұқыптылығына байланысты. Сонымен қатар, бұл мамандық иесінің адамдарға түсіністік пен сүйіспеншілікпен қарауы да өте маңызды. Өзінің өмірін науқас адамдарды емдеуге арнаған Гүлзия Туралиеваны да осы жылы жүректі медбикелердің қатарына қосуға болады. Бұл салада жиырма жеті жыл еңбек еткен кейіпкеріміз алдына келген науқастан ешқашан көмегін аяған емес. Гүлзия Қанатқызы 1972 жылы Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келіп, 1985 жылы отбасы жағдайына байланысты Қаскелең қаласына қоныс аударған. Осы жердегі Әлімқұлов мектебін тәмәмдайды.
1989 жылы орталық ауруханада орта буын қызметкерлерінің жеткіліксіз болуынан, бас дәрігердің ұсынысын естіп, отызға жуық қыз-келіншекпен бірге Алматы республикалық медициналық колледжіне оқуға жіберіледі. Осы топтың ішінде біздің кейіпкеріміз де бар еді.
– Медбике ісі оңай емес. Бұл мамандықты шын ниетпен таңдау керек, өйткені, сенің алдыңа науқас адам сеніп келеді, ал, сен болсаң сол науқасты емдеуге бар күш-жігеріңді салуға тиіссің. Былай қарағанда біздің жұмыс аса қиын көрінбейді. Бірақ, медбике науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді. Тамыр мен бұлшық етті дәл тауып, науқастың денесін жарақаттамай ине салудың өзіне үлкен ептілік керек. Өзім осы салада жүріп талай адамның алғысына бөлендім. Аллаға шүкір, еш өкінішім жоқ, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Алғашқы еңбек жолын Гүлзия Қанатқызы 1991 жылы Қарасай аудандық орталық ауруханасында ота жасау бөлімінде медбике болып бастапты. Одан кейін жарақат таңу бөлімшесінде жұмыс жасаған. Кәсіби біліктілігін анықтайтын сынақтарда да Гүлзия үздік атанып жүрген. 2013 жылдан бастап «Саламатты өмір салтын қалыптастыру» орталығының медбикесі болып жұмыс істейді. Заман ағымынан қалмай, 2007 жылы компьютер курсынан да өтеді. Белсенділігі, тіпті, ерекше. Қазір ол Елбасы Н.Назарбаевтың «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында «Саламатты жастар» бөлімін ашуға атсалысып жүр.
Науқастың қасы мен қабағына қарап, ауруынан айығып кеткенше бәйек болып жүретін медбикенің еңбегін әріптестері де жоғары бағалайды. Біліктілігін арқасында Гүлзия Қанатқызы бүгінде жоғарғы санаттағы медбике.
Оның жеке өмірі туралы айтатын болсақ, Гүлзия құдай қосқан қосағымен үш қызды тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы қызметте, ортаншысы жоғары оқу орнында оқитын болса, кенжесі мектеп оқушысы.
Осы жексенбіде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Ал, біз өз тарапымыздан ақ желеңді абзал жандарды мейрамдарымен шын ниетпен құттықтап, алдағы уақытта тек табысқа кенеле беруін тілейміз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.

 

Последние новости

Верность профессии и коллективу
Интегралды медицина орталығы
Білікті дәрігер Алиф-Фирангиз
Дамиля жансақтау бөлімшесін басқарады
Телефоныңызды тіркедіңіз бе?
Жамбылдағы жас кәсіпкер
Түлектерге сәттілік тілейміз
Тиісті тапсырмалар берілді