Республика бойынша оның баламасы жоқ
Емханалық және стационарлық медициналық көмектің сапасы мен ашықтығын жақсарту мақсатында елімізде ешқандай баламасы жоқ «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) бойынша Бірыңғай ахуалдық орталық» іске қосылды. Жаңа орталық бастапқы медициналық-санитарлық көмек жүйесі бойынша жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті – медициналық мекемелер мен дәрігерлердің жұмысы туралы ақпаратты қадағалау және өңдеу. Сандық жүйеге толық қосылған ахуалдық орталық облыстық денсаулық сақтау басқармасының базасында ашылды.
Екі күнге созылған жиын «Даму» қорының Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан облысы бойынша аймақтық өкілдерінің қатысуымен өтті. Семинарда жаңа жүйені үйренуге 20 медициналық ұйымның 40-тан астам қызметкері қатысты. Басқосуда облыстық рейтингтің онлайн талдау модулін қосу, сондай-ақ БМСК және стационар қызметтерінің дамуы туралы мониторинг жүргізілді.
Орталық жұмысын Шардара аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері, өңіріміз бойынша БМСК ахуалдық орталығының үйлестірушісі Жанар Оспанова басқарады. Алдағы уақытта дәл осындай орталықтар облысқа қарасты барлық медициналық мекемелерде ашылмақ. Мұның өзі бастапқы медициналық-санитарлық көмек жұмысын жақсартып, аудан орталықтарынан шалғай ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталатын болады.
– Біз кешенді медициналық ақпараттық жүйемен (КМАЖ) жұмыс істейміз. Бұл әрбір медициналық мекеме жұмысының барлық аспектілерін қадағалауға мүмкіндік береді. Қандай да бір маманның науқасты қабылдаудың орташа уақытын, медициналық жәрдем сұрап келгендердің санын, олардың диагнозын, үйге шақыртуларды орындау уақытын және тағы басқа тұстарын толық көру арқылы дәрігерлік қызметтердің сапасын арттыруға ден қоямыз. Бұл онлайн режимінде өңіріміздегі барлық медициналық мекемелердің қалай тыныстап жатқанынан хабардар болуға мүмкіндік бар. Демек, осы арқылы емханалар мен ауруханалардағы жүктемені біліп, медициналық қызметкерлердің жұмысы да біздің бақылауымызда болады, – деді жаңа орталықтың үйлестірушісі Жанар Оспанова.
Оның айтуынша, бірыңғай ахуалдық орталық арқылы дәріханалардағы дәрі-дәрмек қоры мен басқа да ресурстарды қадағалауға мүмкіндік мол. Басты медициналық ақпараттық жүйенің экранынан 8 модульдің — емхана, стационар, зертхана, қаржы, құжаттар, ресурстар, пайдаланушылар, дәріхана және ситуациялық орталықтың жұмысы айқын көрінеді. «КӨМЕК» медициналық ақпараттық жүйесі бағдарламасымен ЖСЖС-інің (жедел санитарлық жәрдем стансасы) қызметі ұштастырыла жүргізіледі. Бағдарламалық-аппараттық кешен нақты уақыт режимінде денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы туралы ақпарат беріп, аудандар мен қалалардағы проблемалық жағдайлар туралы хабарлайды.
Айта кетейік, Қазақстанда «Даму» ақпараттық технологиялар орталығында кешенді медициналық ақпараттық жүйе (КМАЖ) әзірленген. Қазір Түркістан облысындағы ауруханалар мен емханалар оны жұмыстарында табысты пайдалануда.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының дәрігерлері мен сарапшыларына арналған бағдарламамен қатар, науқастар үшін «DamuMed» арнайы мобильді қосымшасы енгізілді. Оны смартфонға AppStore немесе PlayMarket арқылы жүктеп алуға болады. Қосымша дәрігердің қабылдауына жазылуға, өз талдауларының нәтижелерін қадағалауға, «SOS» түймесін басу арқылы шұғыл көмек шақыруға мүмкіндік бермек.
Мира СҮЛЕЙМЕНОВА, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.
Комментарии