Қайрат Зайнишев, «Ońtústik Qazaqstan».

Ескі Сауран ауылында өткен әз Наурыз мерекесі мазмұндылығымен есте қалды. Мерекенің өн бойында ұлттық салт-дәстүрлер ұлықталды. Бұл күні кәсіпкерлер киіз үй тігіп, алтыбақан құрды.

 

Ұлыстың ұлы күні, сондай-ақ, ауылдың кіреберісіне алып арка орнатылды. Ақсақалдар соның лентасын қиса, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан ауыл адамдары ортадан қаражат жиып, қақпаны өздері жасатыпты.

Наурызтойда сөз алған Кентау қаласының әкімі Ғани Рысбеков пен облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, кәсіпкер Байділда Қожабаев тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Қазақтың талай буынын әнмен тербеткен ҚР халық әртісі Қажыбек Бекбосынов, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, әнші Бақытжан Тоқтасын әуелетіп ән салып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Олардан ауыл өнерпаздары да қалысқан жоқ. Мерекеде бес бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, оларға ақжол тілеген Ғани Құрмашұлы, Баймахан Тоймаханұлы, Байділда Ілиясұлы, Хайрулла Байділдаұлының иықтарына шапан жабылды.

Ал, киіз үй ішіндегі бәтуалы басқосуда ақсақалдар жағы кешегі Ілияс Қожабаевтай тау тұлғалы азаматты сағынышпен еске алды. Ілияс Қожабаев кезінде үлкен-кішінің басын қосып, үш бөлмелі қараша үйді асарлатып үлкен мектепке айналдырған. Басшы бола тұра балақты түріп жіберіп көппен бірге өзі де балшыққа түсіп, кірпіш құйған. Мектеп құрылысы аяқталған соң халықты жаппай білім алуға шақырған. Сондықтан саурандықтар осындай жиын-тойда Ілияс Қожабаевтың есімін құрметпен еске алысады.

Ақсақалдардың айтуынша, ауылдың тарихы тым тереңде. Көнекөздер бұл ауылды заманында Ақ Орда мемлекетінің астанасы болған деседі. Тоқтамыс xан Сауран қаласын 4 жыл билеген. Хақназар xанның сенімді нөкерлері, ағайынды Қияқ пен Тұяқ батырлар да саурандықтар болып табылады. Сауран – ақын, жазушы, журналист, ұлағатты ұстаз Ілияс Қожабаевтың туған жері. Аядай ғана ауылдан бір академик, төрт ғылым докторы, 17 кандидат шыққан. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кірпіші де осы Сауранда құйылған. Міне, айта берсеңіз осының бәрі тарих. Және қандай тарих десеңізші!

Сауран ауылы Түркістан қаласынан 40 шақырымдай жерде орналасқан. «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» трассасымен барсаңыз сол жақ беткейге қарай бұрыласыз. Айналма жол болмағандықтан көлік тоғыз шақырымды артқа тастаған соң, ауылға кірмей, қайтадан кері қайтады. Жоғарыда айтқандай, думанды тойға бара жатқандықтан бізге жол қиындығы сезілген де жоқ. Алайда, Түркістанға күнделікті келіп-кететін саурандықтар үшін бұл бір күрмеуі шешілмей тұрған мәселе екен. Оған қоса Қызылордаға баратын күре жолға жету үшін де ауылдан бірталай жер жаяу жүруге тура келеді. Наурызтойдағы тілектер мен ізгі ниеттер арасында ақсақалдар ел басында жүрген азаматтарға ауылдағы жолдардың жөнделуі, көшенің жарықтандырылуы секілді бұйымтайларын да жеткізді.

Кентау қаласының әкімі Ғани Құрмашұлы қариялардың өтініштерін тыңдап, ауылда су құбыры жүргізіліп біткен соң орталық көше жөндеуден өтетінін, ауызсу мен жарықтандыру жұмыстары жолға қойылатынын айтты.

Наурызтойдың соңында ауыл адамдары ас беріп, әруақтардың рухына Құран бағыштады.

Кентау қаласы.