Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Шымкент қаласындағы «Ерлік» филиалында есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге жақсы таныс «Бал Текстиль» ЖШС-нің басшысы, айтулы меценат Талғат Ысқақовпен кездесу өтті.
«Өмірден асқан ұстаз жоқ» деп аталған кездесуге студенттер мен оқушылар, зиялы қауым өкілдері қатысып, танымал кәсіпкердің өмір жолына қанықты.
– Кез келген адамның мүмкіндігі шексіз. Талмай талаптанса, алдына мақсат қойып еңбек етсе, адамның шықпайтын шыңы, алмайтын қамалы болмайды. Ешкім белгілі бір кәсіп иесі болып туылмайтыны белгілі. Алайда, адам болып жаралғасын, әркім де өмірден өз орнын табуы міндетті. Абай атамыз айтқандай, «кетігін тап та, бар қалан». Жастар бір орында тұрмай, алға жылжып, өзін дәлелдесе ғана көздеген мақсатына қол жеткізеді, – дейді Талғат Жүнісбекұлы.
Сондай-ақ, кездесу барысында мұражай қызметкерлері түрлі жұмыстарға демеушілік көрсетіп, қарапайым халыққа қайырымдылық жасап жүрген кәсіпкерге және «Бал Текстиль» ұжымына алғыстарын білдірді.
Айта кетерлігі, «Бал-текстиль» ЖШС өз өнімдерін Ресейге, Германияға, Ұлыбританияға, одан бөлек Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзірбайжан елдеріне де экспорттайды.
А.ПАЙЫСХАН.
Комментарии