Жуырда Сарыағаш аудандық орталық кітапханасының «Коворкинг» орталығында туған өлкеміздің дамуына, гүлденуіне елеулі үлес қосқан ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Еркінбек Қанжігітовтің ғылым жолына арналған «Еңбегімен еленген ғалым» атты кеш өтті.
Қарапайым шопанның отбасында дүниеге келген, бала кезінен ауыл арасында кітапқұмар атанған Еркінбек Қаныбекұлының ғалым, профессор, академик дәрежесіне дейінгі жүріп өткен жолы оқырманға өнеге ретінде таныстырылды.
Еркінбек Қанжігітов Ордабасы баурайында туылып, Бадамдағы орта мектепті үздік бітірді, еңбек жолын шопан болып бастады. Ата кәсіптің ыстығы мен суығына төзе отырып, мал басын көбейтіп, оның өсіп-өнуіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Малды өсірудің қыр-сырын жетік меңгеруді алдына мақсат етіп қойған қабілетті жас Алматыдағы зоотехникалық-ветеринарлық институтқа «ветеринария» мамандығы бойынша оқуға түседі. 1984 жылы Қабыланбек зоомалдәрігерлік техникумына ветеринариялық пәндер оқытушысы болып қабылданады. Ветеринария бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, теориялық біліктілігін арттыру мақсатында Ленинград ветеринариялық институтында тағлымдамадан өтті. Мәскеудегі К.Н.Скрябин атындағы ветеринариялық академияның педагогикалық факультетін тәмамдады.
Еңбегі жемісін беріп Еркінбек Қаныбекұлы «Бруцеллезге қарсы РЕВ-1 вакцинасын тері арасындағы егудің тиімділігі», «Уақ мүйізді малдар бруцеллезінің профилактикасы» тақырыбында кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғады. Осы еңбектің нәтижесінде уақ мүйізді мал бруцеллезіне қарсы вакцинаның дүние жүзі бойынша бірінші авторы атанды. Сонымен қатар 170-тен астам ғылыми және әдістемелік еңбектері жарық көрді. Ветеринария және зоотехника саласына арналған 18 оқулық пен 36 электрондық оқу құралының авторы атанды, өз еліміз және шетелдік газет-журнал беттерінде бірнеше монографиясы жарияланды.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін ғалымға ел игілігін арттыру жолында шаршамаңыз дегіміз келеді.
Қалбибі КӨЛГІНОВА, Сарыағаш аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры.
Комментарии