Алмалыбақта мұзға тайып құлаған әйелдің аяғын көлік басып кетті / 77?

Қаңтар айының соңғы күні Алматы қаласы мен оған жақын жатқан аудандардың халқы үшін қолайсыз ауа райының салдарынан орын алған оқиғалармен есте қалғандай.

Қарасай ауданына қарасты Алмалыбақ ауылының тұрғындарынан жантүршігерлік хат келіп түсті редакциямызға. Олар жіберген бейнематериалда орта жастағы әйелдің жерде құлап, қанға бөгіп жатқаны бейнеленген. Зардап шегушінің әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі екені анықталды. Ол сабақтан шығып келе жатқан. Тротуардағы мұз ойылмай, тайғанақ болғандықтан, әйел адам үлкен жолмен жүреді. Артында көлік келе жатқанын көріп, жаяу жүргіншілер жолына шықпақ болғанда аяғы тайып кетеді де дәл көліктің астына құлайды. Автомобиль тежегішті басқанымен бірден тоқтай алмай, ақыры зардап шегушінің оң аяғы дөңгелек астында қалады.

Жанайқайы шыққан әйелдің жанына жұртшылық көп жиналғанымен, ешкім ештеңе істей алмай, тек қарап тұрады. Жедел жәрдем де лезде келе қоймай, ол жарты сағаттай мұздың үстінде жатып та қалады.

Ақыры соңында науқас аудандық орталық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің берген мәліметіне сүйенсек, мұғалім қазір жан сақтау бөліміне орналастырған. Аяғы сынған және бірнеше жерден еті жыртылған. Жағдайы бірқалыпты.

Ал, тұрғындар болса, өз кезектерінде Алмалыбақ, Жалпақсай ауылдарына аязды күндері жеткілікті назар аударылмайтынына шағымдануда. Тіпті, округ әкімдігінің жұмысына тіптен көңілдері толмайтындықтарын жеткізуде.

Куәгерлердің айтуынша, әкімдік қызметкерлері тек оқиға орын алған соң барып қана тротуарға болар болмас құм сеуіп шыққанын айтып ашынып отыр.