Kaskelenkz жобасының Жаңалықтар топтамасы

Қарасай ауданына қарасты «Асыл Арман» ықшам ауданын қазіргі таңда 20 мыңға жуық тұрғын мекендейді. Сәні мен салтанаты келіскен тұрғын үй кешенінде қандай түйткілді мәселе бар? Кішкентай асылармандықтардың арманы не? Баспаналы болсам деген арманның жетегіндегі талай отбасы осы жерден пәтер алып, қуанышқа кенелген. Тұрғын үй кешенінде тұрмысқа қажетті нәрсенің бәрі бар. Дүкендер, сән салондары, дәріхана, жеке меншік балабақша, бірнеше банкомат, ойын алаңдары да қарастырылған. Тіпті жуырда полиция бөлімшесі мен медициналық пункт те ашылған. Иә, асыл армандықтардың арманы жоқ дерсің... Алайда, үлкенді де, кішіні де алаңдатып отырған мектеп мәселесі.

Қаскелең қаласында орналасқан С.Демирел университеті Қазақстандық ЖОО арасындағы МISTI оқыту бағдарламасын енгізген жалғыз оқу орны. Қазіргі таңда мұнда шетелден білікті менторлар келіп, студенттерге тегін дәріс беруде. Массачусетс технологиялық институты әлемдегі атақты университеттерінің алғашқы бестігіне кіреді. Мұндағы робототехника және жасанды интеллект секторлары, ақпараттық технология, физика, химия және математика салаларын оқыту жүйелері елдегі ең таңдаулы болып саналады. Бұдан бөлек, ол менеджмент, экономика, лингвистика, саяси ғылымдар және философия салаларын оқытуымен танымал. Сондықтан да, осы университеттің білім бағдарламасына сай өтіп жатқан шеберлік сағаттары мен оқу-жаттығу курстарына қатысушылар үлкен қызығушылық танытуда. Қазақстандық студенттерді оқытуға мұхит асып келгендердің бірі - МIT магистрі - Каролин Холз. Ол заманауи дизайнның негіздері бойынша дәріс беруде. Қазақстанға алғаш келген шетелдік бойжеткен осындағы студенттермен тез тіл табысып кеткендігін айтып, өзі жайлы да әңгімелеп берді. Ал, Монғолиялық Тугсу Манлайбатор, МIT –ң 4-курс студенті екен. Жастық жалыны мен бар жиған білімінің арқасында ел аралап, алаңсыз тәжірибе алмасып жүргеніне қуанышты жас жігіт те қазақ халқының қонақжайлылығына риза. «Машиналық оқытуға кіріспе» бойынша дәріс оқитын оған алып мегаполис Алматының көрікті жерлері ерекше әсер қалдырғандай. Толықтай ағылшын тілінде өтетін курстар аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға сертификаттар беріледі. Сөз соңында СДУ осымен екінші жыл қатарынан Массачусетс технологиялық институтымен екіжақты серіктестік орнатып, білім беру жобаларын дамытуға бағытталған жоспарлы жұмыс жүргізіп келе жатқандығын айта кеткен жөн.

Биыл Қарасай ауданының құрылғанына - 90 жыл. Мерейтойды атап өтуге арналған салтанатты шаралар легі жыл басынан басталып кетті. Осыған орай бүгін қарасайлық жас шахматшылар аудан әкімінің кубогы үшін сайысқа түсті. Аудан әкімдігінің қолдауымен «Белая ладья» шахмат, дойбы және тоғыз құмалақ клубы ұйымдастырған жарыс мектеп оқушыларына арналды. Ондағы мақсат – қарасайлық жасөспірімдер арасында шахматқа деген қызығушылықты оятып, ойынға деген шеберліктерін шыңдау, салауатты өмір салтын насихаттау. Бір айта кетерлігі бастаманы көтеріп отырған «Белая ладья» клубы екі жылдан бері осы Абай мектеп-гимназиясында арнайы үйірме ашқан. Онда бүгінде төрт топта 15 баладан тұрақты қатысып, түрлі сайыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Қазіргі таңда клуб өзге де елді мекендерді де қамту үстінде. Сол себепті, ұйымдастырушылар сайыстың пайдалы әрі нәтижелі болатынына сенімді.

Басқа да өзекті жаңалықтар топтамасын Kaskelenkz - тің youtube арнасынан көре аласыз:

https://www.youtube.com/watch?v=h_IQeaG7yvs