Ақкөл – «ақылды қала»

Ақкөл – «ақылды  қала»

Қазақстандағы алғашқы «толықтай цифрландырылған қалаға» айналған Ақкөл қаласы елорданың жанында, 100 шақырымдай жерде орналасқан, онда қажетті инфрақұрылым, мықты қорғалған байланыс арналары, мәліметтерді өңдеу орталығы бар. Қаланың өміріне қатысты барлық мәлімет цифрлы технологияның арқасында алдымен ахуалдық орталыққа түседі. Бұл орталық қалада жұмыс істеп тұрған бейнебақылау, экологиялық мониторинг, энергиялық ресурстарға бақылау және есеп жүргізу, жол қозғалысын басқару, өртке қарсы қауіпсіздік секілді жүйелердің барлығынан мәліметтер жинақтау үшін жасалған. Құқықбұзушылықтан бастап, денсаулық сақтау, салық, прокуратура сынды барлық саланың мәліметтері бұл жерге автоматты түрде жетеді. Осы арқылы мамандар қаланың тыныс-тіршілігін бақылап қана қоймай, оны анықтап, сараптап, саралайды. Мұнда call-орталық, диспетчерлер залы, мониторингке арналған бейнеқабырға, бейнеконференцбайланыс жүйесі және басқалары бар.
Мұнан бөлек, жоба аясында жарты жыл ішінде біраз іс тындырылған. Қала толықтай 4G-мен және LoRaWAN әрекет ету радиусы үлкен энергиялық тиімді желімен қамтылған. Кейбір қоғамдық орындарда Wi-Fi қолжетімді. Қаладағы 4 500 су есептеуіштері және 6 000 электр қуатының есептеуіштері «көрсеткіштерін қашықтықтан автоматты түрде беру мүмкіндігі бар» жаңаларымен ауыстырылған. Көшені жарықтандыру жүйесі де жаңғыртылған, енді шамдар кеш қарайғанда өз бетінше қосылып, күн шыққанда автоматты түрде ағытылатын көрінеді. Сонымен қатар, жүз шақырымдай энергетикалық кабель жаңартылған. Интеллектуалдық бейнебақылау қабілеттері бар әртүрлі үлгідегі шамамен 100 бейнебақылау камерасы орнатылған. Мектептер, әкімдікке келіп-кеткен адамдар бет-бейнесін тану мүмкіндігі көз-делген жүйелермен жабдықталған. Қала экологиялық ахуалды бақылау жүйелерімен, өрттің алдын алу мақсатында түтінді анықтау бойынша ақылды датчиктермен жарақтан-дырылуда. Қоғамдық көліктерге және мемлекеттік мекемелердің автокөліктеріне GPS-мониторинг қойылған.
Бұл жобаға шамамен 2,5 млрд теңге кеткен. Өзінің сапары кезінде Елбасы «Smart Aqkol»-дің тәжірибесін басқа қалаларға тарату керектігін айтты. Себебі, жаңа теxнологиялардың арқасында барлық процестерді жылдам әрі тиімді түрде басқаруға болады. «Компанияны, я болмаса, кәсіпорынды қалай басқарамыз, әрине, цифрлық теxнологиялардың арқасында Қазақстанды да тура солай бірыңғай орталықтан басқаруға болады. Міне, мына жерде тұтас бір қаланы басқарып отырмыз. Ондай жүйенің артықшылығы көп, экономикалық тиімділігі де жоғары. Нақты нәтиже деп осыны айту керек», — деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Дайындаған
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.