Билер кеңесі құрылмақ

Билер кеңесі құрылмақ

Бүгінгі таңда демократиялық даму, сот билігі жүйесін нығайту мақсатында бұрынғы дана, шешен билеріміздің өнегесін жалғастыра отырып, еліміздің сот жүйесіне билер институтын енгізу — заман талабына сай қажеттіліктердің бірі. Аталмыш жайт елімізде республика деңгейінде көтеріліп, аймақтық заң билігіне билер кеңесін құру туралы тапсырма берілді. Өткен аптаның жұмасында, осыны негізге алған аудандық соттың төрағасы Мәди Көшікбаев аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының ғимаратында, дөңгелек үстел өткізді. Жиынға аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат, мәслихат хатшысы Айтбай Көшкімбаев, қоғамдық кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов, Қаскелең қаласы ардагерлер кеңесінің төрайымы Несіпбала Әбділдаева және ауданның Құрметті азаматтары Мәкен Ахметов пен Аян Айтжанов қатысты.
Алдымен басқосу барысында жалпы билер кеңесін құрудағы мақсат тілге тиек етілді. Нақтырақ айтсақ, бұл жүйенің артықшылығы тұрғындар арасында пайда болған даулардың сотқа дейін шешілуіне ықпал ету. Кеңестің беделді мүшелері халық арасында туындаған жанжалдарды, талас-тартыстарды көне дәстүр негізінде шешуге ықпал етпек. Бұл Елбасының жақында ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көтерілген мәселелермен үндес келеді. Яғни, аталмыш еңбекте атап көрсетілгендей, мұндай алқа билердің болуы кезінде халқымызды небір қиын-қыстау кезеңдерден алып шыққан. Осы кезде ұмытылуға шақ қалған көне дәстүрлерді жаңғырту арқылы бүгінгі күннің мәселерін шешу керек.
Аудандық сот төрағасы Мәди Жаубасарұлының сөзінше, билер кеңесін қалыптастырып оны дамыту идеясы көшпенді халықтың көне дәстүрінің жалғасы болмақ. Билер кеңесі көшпенді қазақ халқының қоғамында маңызды мәселелерді шешетін орындардың бірі болған. Билер ол уақытта жекелеген мәселелер бойынша тиісті шешім қабылдап қана қоймай, бір мезгілде сот, прокуратура және адвокаттың қызметін атқарып, әділдіктің үстемдік құруына ұйтқы ретінде танылған.
– Билердің шешімінің әділдігіне ешкім күмән келтірмеген және оған қатысты тиісті үкім сол сәтте орындалатын болған. Сондықтан да халық қандай да бір заңсыз әрекетке барудан қаймыққан. Өйткені, ақсақалдар оған қатысты қандай да бір қатаң шешім шығаратын болса сол сәтте жүзеге асады, – деді сот төрағасы.
Мәжіліс қорытындысы бойынша, аузы «дуалы» деген азаматтардан ауылдарда билер кеңесін құру ұсынылды. Яғни, оларды сайлау туралы шешім аудан әкімі, қоғамдық ұйымдар және округтік ардагерлер төрағасының қатысуымен өтетін ауқымды жиында қабылдану керектігі айтылды. Көтерілген ұсыныстар сот төрағасы жағынан бірден қолдау тауып, басты назарда болатыны жеткізілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.