Адамгершілік рухы жоғары

Адамгершілік рухы жоғары

Біздің замандастарымыздың арасында да ата-бабадан желісі үзілмей келе жатқан аманатқа адал, адамгершілік рухы жоғары жандар аз емес. Олардың ерлік істері бірде еленсе, бірде еленбей жатады. Дегенмен, ондай ержүрек азаматтардың қатары бүгінде жаңа есімдермен толығып, өз замандастарына үлгі көрсетіп жүргені анық. Мінеки, осындай ер мінезді жандардың ішінде өзгенің өмірі үшін өз өмірін қауіпке тігіп, бес адамды айтып келмес ажалдан аман алып қалған қарасайлық Әділет Әлімқыдырдың ерлігі көпшілікке үлгі.
Оқиға қаңтардың төрті күні, түнгі 11-ге таман орын алған. Сол күні Әділет әріптесі Асқар Тастанмен Алматы қаласындағы «Сайран» метро бекетіне таяу орналасқан учаскісінде кезекшілік қызметте еді. Оларға аталмыш метро бекетінің қасындағы жер үйдің өртеніп жатқанын бейтаныс адам келіп хабарлайды. Екеуі көп ойланбастан өрт шыққан жерге барып, жалындаған үйден кішкентай бала мен анасын алып шығады. Содан кейін сыртта тұрған адамдардан іште әлі де басқа адамның бар екен естіп, үйдің екінші бөлігіндегі әжесі мен немересін, сондай-ақ, ұйқыда жатқан екі әйел адамды алып шыққан. Осы уақытта, құтқарылған адамдарды қауіпсіз жерге шығарып жатқан кезде, сержанттың серіктестері полиция лейтенанты Ардақ Мұсахан және полиция сержанты Асқар Тастан адамдардың жанып жатқан ғимаратқа жақындамауын қадағалап тұрған.
Жас қаһарман 1996 жылы Кербұлақ ауылында дүниеге келіп, 1997 жылы ауданымыздағы Райымбек ауылдық округіне қоныс аударған. Жергілікті жердегі К.Әзірбаев орта мектебін бітіріп, бір жыл Ақтөбе қаласындағы № 6655 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеген. Бала кезінен әскери форманы киіп, болашақта құқық қорғау органында жұмыс істегенді армандаған Әділет әскери борышын өтегеннен кейін 2016 жылы Алматы қаласындағы метрополитендік патрульдік полиция басқарамасына жұмысқа кірген. Айнала-ортасында жұғымдылығымен, бауырмалдығымен ерекшеленетін жас полиция қызметкері әріптестеріне деген алабөтен көңілі мен қиындықта қастарынан бірінші болып табылатындығы арқылы да өзінің үлкен жүректі жігіт екендігін аңғартатын. Бүгінгі таңда көптен өзгешеленбеуге тырысатын мұндай азаматтардың қиын-қыстау, қауіпті сәттерде бұлт астынан жарып шыққан жұлдыздай жарқырап көзге түсетіні мәлім. Оның осы ерлігін ескерген Райымбек ауылдық округінің әкімі Елжан Төленбаев үйіне арнайы барып, дер кезінде ерлік пен батылдық танытқаны үшін Әділет пен оның әжесі Қайыпжамал Есболатқызына шын жүректен алғысын білдірді. «Барлығымыз сенің ерлігіне таңғалдық. Сен бірден ептілік пен батылдық танытып, өз өміріңді қатерге тіге отырып, көп адамның өмірін құтқарып қалдың. Бұл үлгі тұтарлық іс. Біздің барлық азаматтарымыз айналасына осылай жауапкершілікпен қарауы тиіс деген ойдамын. Сол себепті, өзімнің, әкімдіктің және тұрғындар атынан сенің жасаған ерлік әрекетіне үлкен рахметімізді айтамыз!», — деді Әділетке Алғыс хатты табыстап тұрған Елжан Төленбаев.
Ал, қарасайлық жас батыр жалынды от шарпыған күндегі ерлігін былайша жеткізді: «Өзімді елден ерек ерлік істедім деп ойламаймын. Менің орнымда қызметтестерімнің қай-қайсысы болса да, отқа оранып жатқан үй ішінде адамдар бар екенін білсе құтқарып қалуда жанын аямайтын еді. Оған кәміл сенімдімін. Қорықпадым десем, жалғандау шығар. Бірақ, мұндай кезде ондайлардың барлығы екінші кезекке ысырылып қалады екен. Дегенмен, менің осынау ісіме үлкен мән беріп, рахметін айтып жатқандарға алғысым шексіз. Жалпы, мен әскери адаммын ғой, сондықтан кез келген сын сағатта сарбаздық атағыма көлеңке түсірмеуге тиіспін» – деді ол.
Иә, бес бірдей адамды ажал аузынан алып қалған Әділет Әлімқыдырдың ерлігі мадақтауға тұрарлық. Жастар туралы қалыптасқан жағымсыз пікірлерді жоққа шығаратын, жан-жағына шуағы мен жақсылығын шашып жүретін 23 жасар сержантқа тек табыс тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.