Оңды жұмыс, игі іс көп

Оңды жұмыс, игі іс көп

Түрлі деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру науқаны жалғасуда. Бұл жолы аудан әкімі Жандарбек Далабаев тұрғындар алдында жылдық қорытынды бойынша есеп беру жиналысын Жамбыл ауылдық округінде өткізіп, оны аудандық мәслихат хатшысы Айтбай Көшкінбаев ашып жүргізді. Халық алдындағы есептік жиынға тұрғындар, қала әкімінің орынбасарлары, облыс және аудандық мәслихаттың депутаттары, коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің, білім беру және денсаулық сақтау салаларының өкілдері, ішкі істер басқармасының қызметкерлері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Жиында шешімі табылмай отырған Жамбыл ауылының бірқатар мәселелері сөз етілді.
Алдымен Жандарбек Ермекұлы 2018 жылдың қорытындысы бойынша аудан ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі жағынан өңірде көш басында тұрғанына тоқталып, ауданның ауылшаруашылық өңімдерінің көлемі 50 млрд. 277,3 млн. теңгені құрап, былтырғы жылға қарағанда едәуір болғанын айтты. Жаңадан әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жолдар салынып, елді мекендерді көгалдандыруда ауқымды жұмыстар атқарылғанын, сондай-ақ, алдағы уақытта ауданда ауыз су мәселесі түбегейлі шешімін табатындығын жеткізді. Биыл да жолдар салынып, жөндеу жұмыстары жалғасып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілетіні, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және экономиканың өзге де салалары дамытылатыны туралы айтып өтті.
Әкімнің есебінен кейін Жамбыл ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Сәбит Молдыбайұлы, Жамбыл ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Толынбеков және Жамбыл атындағы орта мектебі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бағден Қабденұлы сөйлеп, аудан бойынша атқарылған көптеген игі істер мен жан жадырататын жақсы жұмыстар бар екені және халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарғаны жайында айтты. Сонымен қатар, кейбір шешімін күткен мәселелерді ортаға салып, аудан әкімінің есебіне қанағаттанаралық деген баға берді. Жиында жарыссөзге шыққандардан бөлек ауыл тұрғындары тарапынан су құбырлары, көшелердегі жолдар, жарық және тазалыққа байланысты сұрақтар қойылды.
Атап айтсақ, Ұлан ауылының тұрғыны Айнагүл Әділханова Әуезов пен Ағыбаев көшелеріне тас жолдар төселсе екен деген өтінішін білдірді. Осымен қатар ауыл тұрғыны бұрынғы балабақша ғимаратының босап тұрғанын ескеріп, онда оқушыларға арналған үйірме орталығын ашуды ұсынды. Ал, Жамбыл ауылының тұрғыны Ғалия Қалықова көшелерде жаяу адамдарға арналған бөлігінің жоқтығын, қоқыс тазалайтын мекемелердің дұрыс жұмыс істемейтіндігін және су құбырларына қатысты мәселелерді алға тартты. Сондай-ақ, осы ауылдың тұрғыны зейнеткер Айман Қарабекова электр жүйелері торабының дұрыс жұмыс атқармағандығынан үйлердегі жарық жиі өшіп қалатындығын және көшеде қаңғыбас иттердің көбейгенін айтып, осыған байланысты тиісті шаралар қолдануды өтінді. Тұрғындардың барлық өтініштері мен ұсыныстарын тыңдаған аудан әкімі тиісті сала басшыларын тұрғызып, мәселенің мән-жайын сұрап, тікелей тапсырма берді.
Есептік кездесуде ауылдағы спорт залы мен балабақшалардың жетіспеушілігі де сөз етілді. Осы мәселеге қатысты жергілікті кәсіпкер Мақсат Нұсыбаев жер мәселесі шешілсе, жасөспірімдерге арналған спорт кешенін тұрғызуға барынша қолдау білдіретіндігін жеткізді. Ал, «Жұлдыз» балабақшасының басшысы әр балаға әлеуметтік жағдайына қарай жеңілдік жасайтынын айтты.
Жиын соңында жоғарыда көтерілген мәселелерге байланысты аудан әкімі ақпан айының соңында округ тұрғындарымен тағы бір кездесу болатындығын мәлімдеді.

Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.