Боз кілемдегі белдесу

Боз кілемдегі белдесу

Жас ұрпақтың спортты серік етіп, басқаларға үлгі болары көз қуантарлық. Өйткені, шыныққандар әлемдік аренада елдің мерейін үстем ететіндер емес пе?! Жақында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында 2003-2004 жылғы жасөспірімдер арасында қазақ күресінен облыстық турнир ұйымдастырылды. Жарыс ашық түрде Қошмамбет ауылдық округінің орта мектебінде белді төрешілердің қазылық етуімен өткізілді. Боз кілемде белдесу үшін Жамбыл, Іле, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары мен Алматы, Қапшағай қалаларынан 120 қатысушы келді. Олардың ішінде спорт шеберлігіне үміткерлер мен І және ІІ санаттағы спортшылар да болды. Жалпы, бұл жарысқа Алматы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы, ауданымыздың спорт бөлімі, Жамбыл ауылдық округінің әкімдігі және жарыс қожайыны ретінде Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектебі қолдау білдіріп, бастамашы болды.
Турнирге қатысушылар қазақ күресіне сай 10×10 стандартты екі кілемде белдесіп, әртүрлі салмақ дәрежелері бойынша сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша командалық есеппен Қошмамбет ауылы жеңіс тұғырынан көрініп, I орынға ие болды. Ал, Жамбыл ауданынан келген жасөспірімдер ІІ орынды місе тұтса, Алматы қаласының палуандары жүлделі ІІІ орынды қанжығаларына байлады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Алматы облысының алғыс хаттары, кубоктар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Дидар МУХАМАДИЕВ.