«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының қор сақтау қызметі

«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының қор сақтау қызметі

Қандай жәдігер болсын, ол музей қорының байлығы саналады. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мәдениет ошақтарын басымдықтағы бағдары етіп алғалы бері Шамалған ауылындағы «Атамекен» орталығының атқарған жұмыстарының нәтижесі жақсы болып келеді. Атап айтқанда, заттай және рухани құндылықтарды туғызатын құнды жәдігерлерді ғылыми зерттеумен қатар, ғылыми-ағартушылық мақсатта өз қызметіне пайдалана отырып, оларды жинақтап, сақтап, зерделеп, жұмыс жоспарына орай қажетті көрмеге шығарып, көпшілікке насихаттау жұмысын жүргізу қор сақтау қызметі мен ғылыми бөлім қызметінің бірлесуімен атқарылып келеді. Қор сақтау мәселесі, экспозиция қызметінен де бұрын атқарылатын негізгі жұмыс болғандықтан, қорға тарихи құнды зат жинау арқылы экспозициялық көрменің мазмұнын байыта түсер жәдігерлермен, қордағы деректерді зерттеумен тығыз байланыста қарастырылады.
Бүгінде заманауи талапқа жауап бере алатын Елбасының туып-өскен жерінде өткен жылы ғана бой көтерген «Атамекен» орталығы аудан көлеміндегі мәдени оқиғаларға тікелей қатысып, өзінше үлес қосып отырған тарихи-мәдени орталық ретінде халыққа үздіксіз қызмет етуде. Орталық қазіргі біліммен қатар, мәдени бағыттағы жұмыстарды қатар жүргізіп келеді. Орталықтың экспозициялық бірнеше көрме залында Президенттің бала күнгі, жігіттік, жастық шағынан бастап, тұлға болып қалыптасуы, ел әлеуетінің өсуін көрсетер тарихи кезеңдерді қамти отырып жан-жақты ақпарат береді.
Қорда жәдігерлерге қоса, Президент туралы және оның қызметі туралы шығармалар жинақталған. «Атамекен» орталығының қор сақтау қызметі бойынша, бірнеше мекемеден түскен жәдігерлер тақырыптық экспозициялық мазмұны бойынша сұрыпталып, қорға түскен жәдігерлер түсім көзіне қарай бөлініп, нақтылау бойынша электронды тізіммен қатар, құнды деген экспонаттарға ғылыми қызметкерлермен бірлесе ғылыми төлқұжаттары даярланып, әр жәдігер туралы ақпаратты толық беру мақсатында ізденіс жұмыстары жасалуда. Қор жұмысы мен көрме қызметі бойынша біршама жұмыс негізінен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасының кітапханасы» ММ-нің Есепке алу және Қор сақтау қызметінің жетекші ғылыми қызметкерлерімен кеңесе отырып, бастамашыл тараптың ақпараттық қолдау көрсетуімен атқарылуда.
Орталықтың жәдігерлер қорына «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ, Президент іс басқармасы мен Шамалған ауылының Қарасай орта мектебі жанындағы «Шапағат» тарихи-өлкетану музейінен келген заттар негіз болды. Қорда Орталықтың басты функциясы – рухани ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жүргізуге арналған және ақпараттық база үшін жүздеген баспа өнімдерін қосқанда, 646 жәдігер бар. Заттай жәдігерлер қатарын Президенттің балалық шағы, қоғамға араласқаннан бастап, еңбек жолына түскен кезеңдерден сыр шертетін құжат пен әртүрлі отбасылық суреттері құрайды. Олардың ішінде еліміздің тәуелсіздігімен қатар өрбіген қоғамдық-саяси оқиғалар да қамтылған.
Орталықтың қор сақтау бөлмесі талапқа сай жабдықталған. Мұнда сақталып отырған жәдігерлердің типтік ерекшелігіне қарай барлығы арнайы ереже талаптарына сай түсім кітабына тіркелді. Бұл жұмыс тікелей орталықтың бас қор сақтаушысы мен аға ғылыми қызметкердің атсалысуымен орындалды. Қор сақтау бөлімі қызмет көрсету барысында музей құндылықтарын есепке алу мен тіркеу жұмыстарын қатар жүргізуде.
Қорды есепке алу бойынша негізгі жұмыс бағыттары:
— музей заттарын қабылдау және есепке алу;
— есепке алу құжаттарын толтыру;
— мемлекеттік есепке енгізілген анықтамалық тізім бойынша жәдігерлерді тез арада тауып беру;
— материалдық жауапкершілікке сақтау актісі бойынша жәдігерлерді зал қараушылары мен арнайы күзет қызметкерлеріне материалдық жауапкершілік жүктемемен өткізу және есеп белгілерін қою;
— кез-келген қор бойынша жәдігерлерді түгендеу және қабылдау-өткізу кезінде міндетті түрде қатысу;
— қорды іріктеу мен қорға жәдігерлер алу комиссия мәжілісіне қатысу және хаттамаларын тіркеу;
— «Атамекен» орталығымен қатар, көршілес музей қызметкерлерімен бірлесе өзара тәжірибе алмасу, «Ашық қор» жәдігерлерімен таныстырылым жасау, арнайы семинар-дәрістер өткізу.
Қорды сақтау қызметінің басты мұраты – алдағы уақытта да атқарылған жұмыс нәтижесімен тоқтап қалмай, Орталық қорын байытатын қызықты, құнды, қойнауы тарихтан сыр шертер жәдігерлерді жинақтау жұмысын жалғастыра беру.
Бұлбұл НҰРБЕКОВА,
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасының
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының бас қор сақтаушысы.

 

Последние новости

Артықшылығы көп, пайдасы мол, ойды өсіреді
Хранимая духом Абая
Жөнсіз жарнамалар реттелді
Пункты по приему вторсырья начинают работу
Түнгі соттың тиімділігі
Түп-тамырды білу үшін
Тарихқа терең бойлаған
Прикрепление к поликлинике: подводя итоги