Артықшылығы көп, пайдасы мол, ойды өсіреді

Артықшылығы көп, пайдасы мол, ойды өсіреді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының ең маңызды жобасы – Латын әліпбиіне көшу! Бүгінде әлем халқының 4 млрд. 300 миллионға жуығы латын әліпбиін қолданады. Өйткені, латын тілі ежелден ғылым мен білім тілі саналады. Демек, бұл бүгінгі заманның талабы. «Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін бәріміз де санамызбен түсініп, оның шынында да, қазіргі қоғамға тигізер орасан зор ықпалы туралы білуіміз қажет.
Бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір аса маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, тіліміздің болашағы үшін жасалған, ғылыми өте маңызды шара деп білеміз. Енді, міне, сол әліпбиді үйренуге батыл бет бұрып отырмыз.
Елімізде латын әліпбиіне көшу мәселесі соңғы жиырма жылда көтеріліп, соның он жылында қызу талқыланып келеді. Соған орай ең басты қадам жасалды, енді барлығы өзіміздің қолымызда. Латын қарпінің біраз салаға жаңа серпін әкелетіні сөзсіз. Иә, сөзден іске көшетін уақыт келді.
Жобаның бастамасы ретінде елімізде латын әліпбиіне негізделген жалпыхалықтық диктант өтті. Республиканың барлық өңірін қамтыған акциядан біздің мектеп те шет қалмай, барынша белсенділік танытты. Аталған білім ордасындағы алпысқа жуық ұстаз бен оқушы латын әрпімен диктант жазып, өзін тексерді. Бұл диктант – жоспарлы жұмыстың бір бөлшегі ғана. Диктант жазардың алдында қатысушыларға жаңа әліпбидің қолданыстағы нұсқасы нақтылап таныстырылды. Ұжым болып латын әліпбиінің өзгешелігі, артықшылығы, қоғамға тигізер пайдасын қызу талқылаудан өткіздік.
Бұл акцияға қатысу арқылы жаңаша жазу тәсіліне өтуге алғышарт жасадық деп ойлаймын. Біз осы арқылы дамыған елдердің қатарына қосылып, технология тілінде сөйлейтін боламыз. Сонымен қатар, латын қарпі бауырлас түркі тілдес халықтарды да өзара жақындастырады.
«Қазақстан айырықша жаңғырудың, ұлттық болмысын барынша қалпына келтірудің алдында тұрғанда, осындай болашаққа бастар жолда бірліктен айырылмауға тиіспіз», деп мектебіміздің басшысы М.Кончубаева ұжымға ой тастап, бұл міндеттің бәріміздің алдымызда тұрған үлкен мақсат екенін атап айтты. Ел болашағы үшін қабылданған маңызды шешімге қолдау білдіру – жүрегі «елім» деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті деп түсінеміз!
Альфия ЖАМБЫЛОВА,
Жармұхамбет орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.