Тарихы терең мектептегі турнир

Тарихы терең мектептегі турнир

Ауданымыздағы мектеп орындарының әрқайсысы өзіндік тарихы мен биік беделімен ерекше. Солардың ішінде бір ғасырлық ғұмыры бар, аудан бойынша ең алғаш салынған білім ордаларының бірі – Әбжан Байсалбаев атындағы орта мектеп. Биыл осы мектептің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Тұрар ауылының оқушыларын білім нәрімен сусындатып отырған қазақ мектебі 100 жылдық мерейтойын 100 іс-шара ұйымдастырумен атап өтіп жатыр. Сондай игілікті істің ішінде өткен аптаның сенбісінде өткізілген жасөспірімдер арасындағы еркін күрес турнирін де айтуға болады. Сайыстың ашылу салтанаты шақырылған құрметті қонақтарымен ерекшеленді. Атап айтқанда, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, әрі осы мектепте біраз жылдар бойы басшылық қызмет атқарған Сайлаубек Қыдыралиев және аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Валерий Хациев болды.
Кеңес өкіметінің спортшылар құрамында болып, Мәскеу Олимпиадасында чемпиондық атаққа жеткен Жақсылық ағамыз жарыс алдында болашақ олимп шыңын бағындырар жас палуандарға тағылымы мол өсиеттері мен спортта жеткен жетістіктерін ғибрат ретінде әңгімеледі. Сөз арасында Совет Одағының бірнеше дүркін жеңімпазы Ә.Байсалбаев мектебіне құр қол келмегенін айтып, білім ордасының 100 жылдығына орай мектеп мұражайына сый-сияпат ретінде өзінің кітабын табыс етті. «Бұл кітапта менің спортқа деген тамшыдай болса да қосқан үлесім мен жеңіс жолында жеткен жетістіктерім жазылған. Келешек ұрпақ осыларды оқып жігерленсін, қазақ елінің атын бүкіл әлемге танытсын деген ниетпен сыйлағым келеді», – деді әлем чемпионы атанған Жақсылық ағамыз. Сондай-ақ, осы мектепті талай жыл басқарған, бүгінгі таңда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қасенбайұлы мектеп тарихынан сыр шертіп, спорт сүйгіш саңлақтарға сәттілік тіледі. Ал, мектеп басшысы Райхан Бердығалиева келген қонақтарға алғысын айтып, ыстық ықыласын көрсетті.
Жалпы, турнир ережеге сай 12×12 арнайы кілемнің үстінде ұйымдастырылды. Қатысушалар қатарында ауданға қарасты ауыл, қала мектептерінен көптеген оқушылар болып, боз кілемде бақтарын сынады. Атап айтқанда, жарыс ұйымдастырушысы Байсалбаев орта мектебі мен Ушинский, Үштерек, Қырғауылды, Қосынов, Әуезов, Абай, Керімбеков, Еңбекші, Үшқоңыр орта мектептері болды. Әр салмақ дәрежесі бойынша белдескен жасөспірімдердің арасынан сүрінгендер де кездесіп жатты. Жарыс қорытындысы бойынша түрлі салмақпен сынға түскен жеті мектептің оқушылары марапатталды. Олар: Байсалбаев мектебінен Қайсар Оңғарбай, Нұртас Амангелді, Алан Қайдаров, Райымбек Төребай және Ескендір Алыбаев; Қосынов мектебінен Нұрлыбек Қожахметов, Абай мектеп-гимназиясынан Жұмабек Сабуров, Ушинский мектебінен Диас Оразул, Қырғауылды мектебінен Бауыржан Ермек, Қарасай мектебінен Шыңғыс Бисенбай, Үштерек мектебінен Ерасыл Амангелді. Аталған жүлдегерлерге аудандық спорт бөлімінің арнайы алғыс хаты мен медальдар табыс етілді.
Осылайша Ә.Байсалбаев білім ордасының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған «100 іс-шараның» тағы бірі ойдағыдай өтіп, мектеп тарихының парағы жаңара түсті.

Дидар МУХАМАДИЕВ.