Еңбегін еліне арнаған асыл азамат

Еңбегін еліне арнаған асыл азамат

2019-2020 оқу жылында Береке ауылында орналасқан М.Бейсебаев атындағы орта мектеп өзінің 100 жылдығын атап өтпек. Бір ғасырлық тарихы бар білім ордасында көптеген елімізге белгілі тұлғалар оқыған. Мәселен, мектебімізге есімі берілген мемлекет және қоғам қайраткері М.Бейсебаев,Қазақстанның халық әншісі Б.Әшімова, елімізге белгілі кәсіпкер А.Карапетян, ғалым-жазушы Б.Ыбырайым және тағы да басқа еңбегі елеулі, халқына қалаулы азаматтар бар.
Сондай азаматтар қатарында бүгінде Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқаратын Ләззат Махатұлы Тұрлашовты қосамыз.
Ол 1960 жылы Жамбыл ауданы Үлгілі ауылында дүниеге келген. Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немерені атасы мен әжесі бауырына басады. Бала кездің ең бір тәтті шағы ата-әженің қасында өткен күндер ғой. Ләззат аға нағыз тәрбие мектебін ата-әжесінен көреді. Әрине, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқорлық таныту, ел-жерге деген сүйіспеншілік, кішіпейілділік, бауырмалдық сияқты ізгі қасиеттерге баулып, жақсылыққа үйретуші де осы кісілер болған.
Атасы Тұрлашов Махат Сағындықұлы жиырмасыншы ғасырдың басында оқу-ағарту ісімен айналысып, ауылдағы алғашқы ұстаздардың бірі болған.Ол кісі Ләззат ағаның оқуына көп көңіл бөліп, еңбекке ерте жастан баулыған.
Қазақта ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала басқаша болады дегендей, айналасының да көзқарасы оған ерекше-болатын. Өйткені, ауыл үлкендерінің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап өскен баланың сана-сезімі басқалардан өзгеше болып қалыптасады.Әжесі Тұрлашова Әлиман Құсайынқызы, немересінің зеректігін байқап, «Менің балам ақын болады, бастық болады», – дейді екен.
Қазақтың тағы бір қасиет бауырына басқан немерені туған ата-анасынан, бауырларынан айырмайды. Тек белгілі бір жаста өз ата-анасына қайтарады. Өзінің туған ата-анасы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, жолдама бойынша бұрынғы Қаскелең ауданы, «Жетісу» совхозында қызмет етеді.
Ләззат Махатұлы ауылдағы бұрынғы В.Ленин (қазіргі М.Бейсебаев) атындағы орта мектепте жоғары сыныптарда оқиды. Сыныптастарымен тез арада тіл табысып, мектепті үздіктер қатарында бітіріп, үлкен өмірге жолдаманы осы жерден алады.
Еңбек жолын совхозда қарапайым жұмысшыдан бастап, Алматы теміржол институтын бітіргеннен кейін, қызметтің барлық сатыларынан өтеді. Атап айтқанда, қарапайым құрылыс бригадасының бригадирінен бастап Алматы облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатына дейін көтерілді.
Ләззат Махатұлы қай жерде қандай қызмет атқарса да, еңбекке деген құлшынысымен, адалдығымен, білімге деген құштарлығымен,жауапкершілігімен көзге түсті.
Оның көпшіліктің құрметі мен сеніміне ие болуының бір себебі, дәйекті, орнымен сөйлей білуінде. Сөзге шешен, терең ойлы, салмақты, көпшіліктің назарын өзіне аудара алатын тұлға. Ол өзгенің пікірін тыңдай білетін, дұрыс шешім қабылдай алатын тәжірибелі басшы.
Ләззат Махатұлы осы уақытқа дейін облысымыздың дамуына,тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына өзіндік үлесін қосып жүрген, Елбасының саясатын халыққа түсіндіріп, жеткізіп жүрген адал азамат.
Бүгінде ол төрт баланың асқар таудай әкесі, немере сүйіп отырған бақытты ата. Өзінің лауазымды қызметіне қарамастан, отбасына уақыт тауып, балаларымен бірге кітап оқып, талқылап, пікірлерін сұрап отырады.
Өмірлік жары Салтанатпен бірге ұл-қыздарының тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Олардың отбасы дәстүрлі қазақи тәрбиені ұстанады. Салтанат тәте әлі күнге дейін үлкендерге сәлем салады, ұлттық дәстүр жолымен қайын ағаларының, қайын іні-сіңлілерінің атын атамай, өзіне лайықты жарасымды ат қойған. Иә, олар айрандай ұйыған, ауызбіршілігі жарасқан, өскен-өнген, тамырын тереңге жайған әулет. Ал, әр әулеттегі бала үйдегі үлкендердің әрбір іс-әрекетін айнытпай қайталайтыны, бойына көргенін сіңіріп өсетіні бәріне белгілі.
Біз, жерлестері, ұстаздары Ләззат Махатұлымен мақтанамыз! Шәкірті өзінен озған ұстаз – еңбегі ақталған ұстаз. Өйткені, өмірдің заңы даму, ілгерілеу, озу.
Гүлбану БЕРДІБЕКОВА,
Береке ауылының тұрғыны.