Жеңіс тілеген жайсаң жандар

Жеңіс тілеген жайсаң жандар

Қазақ елінің атын дүйім жұртқа таныту – баршамызға парыз. Осындай борышты серік еткен біздің елде спорт пен өнер әлемінің майталмандары жетіп артылады. Әрине, олар аймақтардан іріктеліп, әлемдік додада бақ сынайтын жандар. Солардың бірі – ауданымыздың дәрежесін республикалық дәрежеде көтеріп жүрген «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының жастарын айтуымызға болады. Ондағы сайдың тасындай жасақталған саңлақтардың ішінде ел мақтанышы, бадминтоннан ҚР Спорт шебері Дидар Есбергенов. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардан команда жинап, Әлем чемпионатында, Паралимпиадалық ойындар мен халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Қазір Дидар осы жылдың қазан айының 28 мен 5 қараша аралығанда Малайзия елінің Куала-Лумпур қаласында өтетін Азия чемпионатына дайындық үстінде. Спортшымыздың арманы – осы байрақты бәсекеде қазақ елінің көк туын желбірету.
Осы орайда, өткен аптаның жұмасында қаламыздың мәдениет үйінде «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі спортшымызға аз да болса көмек қолын көрсетейік деген ниетпен қайырымдылық концертін өткізді. Мерекелік шараға қоғам қайраткері Болат Әбішұлы, аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен оның орынбасарлары да қатысты. Сондай-ақ, құрметті көрермендер қатарында тиісті бөлім басшылары мен қалалық, округтік әкімдер және мектеп директорлары болды.
Аудан басшысы алғаш болып сөз сөйлеп, бадминтонның хас шебері Дидар Есбергеновке қайырымдылық кештен жиналған қаржыны өз қолымен табастап, алдағы жарыста жеңіспен оралуына тілектес екенін білдірді.
Қазақ елінің атын бүкіл әлемге танытсам деген еліміздің мақтанышы Дидар үшін ұйымдастырылған бұл жолғы қайырымдылық концерт жоғары деңгейде өтті. Жөні бөлек, жосығы ерекше кештің бағдарламасы көрермендерді де зор ықыласқа бөледі. Одан бөлек, өнерпаздар оркестердің сүйемелдеуімен жанды дауыста есті әндерді шырқап, көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.
Мың бұралған бишілер мен ән-күйдің құдіретін сезінген қонақтар кеш соңында алғыстарын білдіріп, сондай-ақ, чемпион Дидарға ерекше қошемет көрсету арқылы алдағы Азия чемпионатына жеңіс тіледі.
Дидар МУХАМАДИЕВ.