«Қазақ даласының қамқоршысы»

«Қазақ даласының қамқоршысы»

Жуырда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өлкетану» жобасы аясында, Абай мектеп-гимназиясының акт залында«Қазақ даласының қамқоршысы» тақырыбында Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері ұлтымыздың тұғыры биік тұлғасы Жұмабек Тәшеновты еске алуға арналған «Қазақ даласының жанашыры» атты кеш өткізді. Бұл ретте музей меңгерушісі Серік Қалиев Жұмабек Ахметұлы туралы жан-жақты айтып, Отанымыздың қасиетті кең байтақ жерін қорғаудағы елеулі еңбегіне кеңінен тоқталды, жас буынды рухты болуға шақырды.
Кеште Дидар Қамиевтің Жұмабек Ахметұлына арналған арнауы бейнеролик арқылы берілді. Одан кейін жиналған қонақтар Тәшеновтың өмір жолы мен қызметі жайында және қазақ жеріне сіңірген еңбегі жайын сөз етті, артынан «Жұмабек Тәшенов ағамыз туралы бірер сөз» атты бейнефильм көрсетілді.
Кеш қонақтары – аудан әкімінің орынбасары Күлжан Әділханқызы мен аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы өз ойларымен бөлісіп, пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, әнші, термеші, «Мен қазақпын» телевизиялық мега жобаның лауреаты Баймұхамбет Мұқатай домбырасын қолына алып, әсерлі де әуезді әндер орындап берді.
Жалпы, бұл кештің мақсаты «Ерім деген ел болмаса, елім деген ер болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, елім деген ерлеріміздің ерліктерін жас ұрпақтың жүрегіне жеткізіп, санасына сіңіру, отансүйгіштік пен патриоттыққа тәрбиелеу еді. Иә, Жұмабек Тәшеновтың өнегелі істері, ерлік еңбектерінен өсіп келе жатқан жас ұрпақ үлкен үлгі алса нұр үстіне нұр болар еді!
Кештің өтуіне белсене атсалысқан Абай атындағы орта мектеп-гимназия әкімшілігіне алғысымыз шексіз. Білім ұясының өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектеріне, еліміздің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріне табыс тілейміз.
Р. АБДИКАИМОВА,
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану
музейінің экскурсия жүргізушісі.