«Қарлығаш» қанат қақты немесе нағыз осы заманғы балабақша

«Қарлығаш» қанат қақты немесе нағыз осы заманғы балабақша

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауымен елімізде «Балапан» бағдарламасы аясында, сәні мен сәулеті жарасқан, көз сүйсінтіп, көңіл қуантатын көптеген балабақша еліміздің ертеңгі болашағы, бүлдіршіндерге арнап салынып, балалардың жылы ұясы болуда. Осы орайда айтарымыз, жуырда салынып, пайдалануға берілген аудан орталығындағы жаңа «Қарлығаш» балабақшасының салтанатты түрде ашылуы болды.
Балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімі Жандарбек Далабаев, қала әкімі Асқар Мұқашев, Қазақстан Республикасы педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Аягүл Миразова, мекеме, бөлім басшылары мен қызметкерлері, ардагерлер, қала тұрғындары, ұстаздар қауымы қатысты. Алдымен сөз алған аудан әкімі жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Бала тәрбиесінде, оларды үлкен өмірге дайындауда балабақшаның рөлі зор. Елбасы Н.Назарбаев онымен бүгінде балалардың толық қамтылуын басты назарда ұстап отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, 3-6 жас аралығында бүлдіршіндер 2020 жылға дейін мектепке дейінгі мекемелермен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл өзекті мәселе бізде өңірімізде жақсы шешілуде. Міне, тағы бір жаңа балабақша ғимаратының ашылуына куә болдық. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деді аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы.
Өз кезегінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Төреқызы:
– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп тегін айтылмаған. Ашылып отырған балабақша еліміздің отансүйгіш жастарын тәрбиелеуде үлкен жұмыс істейді деп сенеміз, – деп ата-аналар мен бүлдіршіндерді құттықтады.
Мұнан кейін талапқа сай салынған балабақшаның құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер «Еламан» ЖШС құрылыс компаниясының басшысы Ерғали Миразов балабақша меңгерушісі С.Рашитқызына салтанатты түрде жаңа ғимараттың символикалық кілтін табыс етті, ал, ауданымыздың Құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қыдыралиев ақ батасын беріп, аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы мен ардагер ұстаз Аягүл Миразова білім ордасының лентасын қиды. Жиылған көпшілік балабақша балапандары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, аудан және қала әкімдері жаңа ғимаратты аралап көрді.
«Қарлығаш» балабақшасы екі қабаттан тұрады. Мұнда балалардың мектепке дейінгі білім мен тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалған – музыкалық және спорттық зал, хореография залы, балалардың интеллектуалды дамуына арналған оқу бөлмелері және ертеңгіліктер өткізуге арналған мәжіліс залы бар. Жаңа балабақшаның медициналық аймағында мектепке дейінгі ұйымдардан талап етілетін санитарлық нормалардың барлығы ұйымдастырылған.
Мұнда физиокабинет және массаж бөлмесі, ата-аналарды қабылдау, психолог пен логопед кабинеті де орналасқан. Балабақшада жоғары білікті ұстаздар жұмыс істейді. Оқу-тәрбие ісі қазақ және орыс тілінде, ағылшын тілінде ауызша сөйлеу тілін қосымша үйретумен бірге жүргізіледі. Балабақша аумағында үлгілік мектепке дейінгі мекемелердегідей сияқты балалардың ойнауына, серуендеуіне арналған топтық алаңшалар да, демалыс орны да, спортпен шұғылданатын орын да бар.
Сыртта жүрген ата-аналарының интерактивтік панель арқылы балалары туралы ақпаратты жедел алуына да мүмкіндігі бар, бұл өте жақсы жаңалық!
Бүгінде облыс аумағында жолдарды жөндеу, мектеп, балабақша салу жұмыстары мықтап қолға алынған. Бұның бәрі халық үшін жасалып жатқан игілікті іс!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

 

Последние новости

Ұлағатты ұстаздар ұлықталды
Ориентир на каждого казахстанца
Қоғамдағы биік орнын белгілеп берді
Ауылдың абыройын асқақтату үшін
Кәсіпкерлікке жол кеңінен ашылады
Бұл – ұрпақтың көргенділігі
Медициналық кеңес берді
Жомарт жанның жақсылығы