Ұлағатты ұстаздар ұлықталды

Ұлағатты ұстаздар ұлықталды

«Білімдінің алды жарық…» деген дана халқымыз қай заманда да ұрпағының білім алуына ерекше көңіл бөліп, оған қол жеткізуіне бар мүмкіншілігін пайдалануға ұмтылған. Ұстазға деген құрметі мен сенімі үлкен бола отырып, білімдіге артар үміт, арманы да асқақ болған. Мемлекетімізді дамыған 30 елдің қатарына қосатын білікті де белсенді азаматтарымызды қалыптастырудағы басым күш білім беру саласына жүктеліп отырғаны мәлім. Сондықтан да осы жүйе қызметкерлері қоғам алдында ең жауапты міндетті арқалап отыр.
Былайша айтқанда, ғалым да, шахтер де бас иетін ерекше қасиетке ие ұстаздардың төл мерекесі ауданымызда өткен аптаның жұмасында салтанатты жағдайда аталып өтті. Қарасайлық педагогтарды аудан әкімі Жандарбек Далабаев өзі құттықтап, еңбегі еленген жандарды марапаттап, мерейлерін өсірді.
Алғашқы сөз кезегін алып сахна төріне көтерілген Жандарбек Ермекұлы «Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деген қанатты сөзбен барша ұстаздар қауымын құттықтап, қоғамдағы алар орнын айғақтай отырып, өсіп келе жатқан буынға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы педагогтар алдында тұрған маңызды міндеттерді де тілге тиек етті. Осы бір қызығынан қиындығы көп, жауапкершілігі мол мамандық иелеріне деген жылы лебізін жеткізіп, бар жақсылықты тіледі.
Мұнан кейін бірқатар мереке иелері ел алдында марапатталды. Атап айтқанда, Жандарбек Ермекұлы өз атынан жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігін еліміздің болашағы – жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнаған табысты еңбегі үшін Құрмет грамотасымен сегіз мұғалімді, ал 13 ұстазды арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Бұдан бөлек, аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаеваға ҚР білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін табыстады.
Салтанатты шара әрі қарай мерекелік қонцертке ұласты. Отбасылық әйгілі өнер жұбы Қанат мен Айткүл Құдайбергеновтердің күмбірлеген домбыраның үні сүйемелдеген әуезді әуенімен шымылдығын ашқан сахналық бағдарлама аясында, аудандық өнерпаздарымен қатар, Алма Аманжолова, Дәрібаевтар отбасылық ансамблі, Естай Әлекеев, Сейфуллин Жолбарыс, «Қоңыр» тобы, Мақсат Мырза, Әсет Арыстанбек сияқты қазақ эстрадасының өкілдері ұстаздарға деген ізгі лебіздерін әсем әнмен жолдап, көрерменге жақсы көңіл күй сыйлады.
Иә, «Бір жылдығыңды ойласаң егін ек, жүз жылдығыңды ойласаң ағаш отырғыз, мәңгілігіңді ойласаң бала тәрбиеле» демекші, еліміздің ертеңі, өскелең ұрпақ тәрбиесіне саналы ғұмырын арнап жүрген мұғалімдердің еңбегі мемлекет және қоғам тарапынан шынайы құрметке лайық!

Бұрым ОРЫНБАСАР.

 

Последние новости

Ориентир на каждого казахстанца
Қоғамдағы биік орнын белгілеп берді
Ауылдың абыройын асқақтату үшін
Кәсіпкерлікке жол кеңінен ашылады
Бұл – ұрпақтың көргенділігі
Медициналық кеңес берді
Жомарт жанның жақсылығы
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасымен