Келісті кездесу кеші

Келісті кездесу кеші

Мұғалімдер күнінде Алтын ауыл мектебінде, тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен, ұлт болашағының мәңгі мызғымастай іргетасын мықтап қалап беруші, қадірлі ұстаздарға арналған «Ұстазға мың тағзым!» атты салтанатты мерекелік концерт-кездесу болды. Ол өзгенің уақытын аялай, өз уақытын аямай шәкірт тәрбиелеу ісінде талмай еңбек еткен ұстаздарымыздың қажырлы еңбектерін, жемісті жетістіктерін жас буын өкілдеріне насихаттау мақсатында өткізілді.
Шараға ардагер ұстаздар Қайыпжамал Куренкова, Рая Атамбекова, Жейнегүл Боканова, Қадырхан Кабдуллаева, Мухамедқали Бұғыбаев, Кулниса Кулжабаева және мектептің оқушылары қатысты. Аталмыш шарада қонақтарға білім саласына сүбелі үлес қосқан педагогтар туралы мәліметтер айтылып, мұнан соң ардагер ұстаздар өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ғибратты ойларын ортаға салды, мектеп оқушылары ұстаз және мектеп туралы әндерді шырқады.
Сонымен қатар, кездесуде жас мұғалімдер мен оқушылар ардагерлерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, еркін пікір алысты.
Соңында ардагерлер осындай игілікті шараны ұйымдастырып отырған Алтын ауыл мектебінің ұжымына алғыстарын білдірді. Кездесу кешіне қатысқан қонақтарға мектеп ұжымы атынан гүл шоқтары табыс етіліп, барлығы естелік суретке түсті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.