Білім беру корпоративтік қорының қолдауы

Білім беру корпоративтік қорының  қолдауы

Елбасының оқушылардың мектепке толық баруын қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мақсатында, облыста жылда тамыз айынын бірінен бастап, «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық қайырымдылық акциясы өтуде.
2009 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан бұл игі істің мақсаты – жетім балаларға, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға және аз қамтылған отбасыларының балаларына көмек көрсету.
Осы орайда қыркүйектің 22-сі күні, ҚР Тұңғыш Президенті Қорының ұйымдастыруымен, ауданымызда орналасқан Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында қайырымдылық шара өткізілді. Оның барысында Қарасай ауданының Білім беру корпоративтік қорының атқарушы директоры Еркін Дәулетұлы әл-ауқаты төмен және көпбалалы отбасындағы тәрбиеленуші 350 мектеп оқушысына сөмкелер мен мектепке қажетті құрал-жабдықтарды табыс етті.
Шара соңында ата-аналар өз ризашылықтарын білдіріп: «Бұл біздің балаларымыз үшін өте маңызды көмек және қолдау. Әрбір істеген игі амалдарыңыз сауапқа толы болғай!» деген тілектерін айтты.
Тағы айта кетеріміз, 1 тамыздан басталған бұл іс-шара облыстың барлық аудандары мен ауылдарын қамти отырып, қыркүйек айының соңына дейін жалғаспақ.

Өз тілшіміз.