Радикал ағымдар адастырады

Радикал ағымдар адастырады

Құлаққа түрпідей естілетін «діни экстремизм, терроризм» сияқты ұғымдар қазіргі қоғамға қауіп әкелетіндердің қатарында. Олар – ислам дінінің атын жамылып, сұрқия саясатын санамызға сіңіруді көздейтіндер. Мұндай дәстүрлі емес діни ағымдардан қалай сақтануымыз керек? Әсіресе, еліктеуге құмар жастар жағы олардың арбауына түспесе екен дейміз.
Осыған орай, өткен аптаның аяғында, аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының ұйымдастыруымен, «Радикалды діни ағымдардың қауіптілігі» деген тақырыптың төңірегінде жиын өтті. Аталмыш отырыс Шамалған ауылына қарасты «Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжінде» дін жолындағы білікті мамандармен кездесуге арналды. Тыңдаушылар қатарында оқушылар, студенттер, құқық қорғау органдарының өкілдері және де басқа да қоғам белсенділері болды. Жиналыс аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әмина Абдраманованың басшылығымен өткізілді.
Бүгінде теріс діни ағымның жетегінде жүргендердің көбісі жастар. Неге дейсіз ғой?! Өйткені, ересектерден гөрі жеткіншектердің санасын улау әлдеқайда оңай. Осы тұрғыда ауданымыздың бас имамы Ринат Тәшенов «Санаңды сақта,жас ұрпақ!» атты баяндамасын жұртшылыққа насихат ретінде жеткізді. «Біздің айналамызда исламға қатысы жоқ болса да, исламмен байланыстыратын радикалды ағымдар көбейіп кетті. Олардан біз қатты сақтануымыз керек» дейді бас имам. Біздің жас ұрпаққа ғаламтордың ғаламаты емес, сапалы білім керек. Оның ішінде діни сауаттылық аса маңызды. Интернеттің дәуірі жүріп тұрған заманда қандай да бір ақпараттың таралып кетуі өте жылдам. Ал, жаңағы жастарымыз жалған ақпарат арқылы жат ағымның азғыруына ілесіп, адасуға дейін жетіп жатыр. Ендеше, біз ұрпақты салиқалы етіп тәрбиелеумен қатар, білім нәрімен де сусындатуымыз керек. Сондай-ақ, бас имам діни сауаттылықты арттырам деушілерге мешіт есіктері айқара ашық, әрі тегін дәрістер алуға шақыратындығын айтты.
Жиын барысында «Қазіргі Қазақстандағы ислам: мәні мен діни жаңарудың нәтижелері» тақырыбы аясында орнықты ой қозғалды. Бұл тақырыпта ауқымды түрде әңгімелеу үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Шығыстану» факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы Ықтияр Палтөреге сөз беріліп, ол тұшымды ойлары мен маңызды ақпараттарын ортаға салды. Заманның қарыштап дамуында біздің қоғамға діни сананы қалыптастыру өте қажет. Жасымыз да, кәріміз де дінге деген бағытымыз бір болу керек. Тіпті, Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы(ҚМДБ) жұма күні барлық мешіттерде бір ғана тақырыпта уағыз айтылу керек деп бекітті. Ол дегеніміз, тыңдаушы құлаққа бір ғана ақпарат жетіп, бір деңгейде діни сауаттылықты қалыптастырады деген сөз. Сонымен қатар, Ықтияр Молдатөреұлы әлеуметтік желі жайлы жақсы айтты. Мәселен, қазіргі уақытта бәріміз қолданатын Whats app желісінде «Жұма мүбарак болсын! Бүгін қасиетті Жұма» сияқты суреттер мен сөздер таралып жатқаны белгілі. Бірақ, аз да болса діни тұрғыда ойлану керек. Жұма онсыз да мүбарак, онсыз да қасиетті екенін ұмытпаған жөн. Одан қалса, «Бұл нәрсені 10 немесе 100 адамға тарат, олай жасамасаң, мынандай жамандық немесе жақсылық күтіп тұр» деген хабарламалардан сақтану керек. Өйткені, сіздің таратқаныңыз жалған болып, біреудің жаман нәрсеге ұшырауына себепші болуы әбден мүмкін. Біз айтып жатқан «радикал» ағымы ол – дінге көзсіз беріліп, адасушылық. Оның жетегінде кетіп, құрбан болып жатқандар қаншама! Сондықтан көкірегі ояу, саналы адам ретінде діни сауаттылық бәрімізде болған жөн.
Осындай рухани азық аларлықтай жақсы ойлардан кейін, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов пен әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы жиын барысында санаға қонымды мағлұмат алғандарын айтты. Жоғарыда насихат ретінде жеткізген қос азаматтың айтқандарына риза болып, мұндай білікті, білімді мамандар қоғамға аса қажет екендігін түсіндірді.

Дидар МУХАМАДИЕВ.