Ескерткіштер – ел тарихы

Ескерткіштер – ел тарихы

Адам баласында көне заманнан бүгінге дейінгі даму жолындағы түрлі саладағы аса маңызды жетістіктерінің ерекше қайталанбас заттық-рухани үлгі нұсқаларын, адам өміріндегі оқиғаларды, халықтың басынан кешкен тарихи кезеңінен еске түсіретін құндылықтарды, ұлы тұлғаларды, белгілі қайраткерлерді немесе елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру мақсатында ескерткіш орнату үрдісі қалыптасқан. Қазіргі таңда сол мұраларды сақтау бағытында көптеген олқылықтар орын алып келгені жасырын емес. Осының нәтижесінде сан алуан ұйымдар құрылып, заңдық тұрғыда нәтижелі жұмыстар жүргізіле бастады.
Өткен аптаның жұмасында, аудандық әкімдікте осы мәселені көтере келген Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықтың директоры Ғалымжан Оспановтың бастауымен семинар-конференция өтті. Жалпы, аталған орталық халықты тарихи ескерткіштерді қорғау ісіне қатысуға тартып, ескерткіштерді қорғау мен пайдалану заңдарын көпшілікке жеткізумен шұғылданады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен бұл шараның мақсаты да айқын. Ол құндылықтары жүзжылдықтармен қастерленетін ескерткіштерді сақтау және қамқорлық танытудағы бірқатар өзекті мәселелерді талқылауға, пікір алмасуға бағытталды. Мұнан бөлек, қала құрылыс ескерткіштерін қорғау бөлімінің меңгерушісі Серік Оңғарбаев тарихи мәдени нысандарды қорғау, есепке алу заңнамаларына шолу жасап, баяндама оқыды. Сондай-ақ, баяндамашы аудандағы сақталуына қатер төнген және орналасуында құқықбұзушылық орын алған осындай объектілер жайында сұрады. Оңтайлы сәтті пайдаланған округ әкімдері мен мамандары тиесілі сауалдарын қоя бастады. Атап айтсақ, біреуі Жаңа Шамалған округі ауылдарындағы Абай мектебіне сыйға тартқан мүсіннің орналасуы қаншалықты заңды екенін сұраса, ал, қалғандары ауылдарындағы ескерткіштердің жөндеу жұмыстарын қажет ететіндіктерінен де хабардар етті. Мұндай нысандардың әркез бақылауда екенін айтқан орталық басшысы, жақында облыс бойынша проблемалық ескерткіштерге тексеріс жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. Қойылған сұрақтардың барлығы соның барысында шешілмек көрінеді.
Иә, біз өткенімізді бағалай отырып, осындай құндылықтарымызды қастерлеп, көзіміздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.
Бұрым ОРЫНБАСАР.