Құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асырады

Құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асырады

30 қыркүйек – егемен еліміздегі Әділет органдары қызметкерлерінің күні. Осыған орай газет тілшісі аудандық Әділет басқармасының басшысы, заңгерлер одағының мүшесі Р. Мадияровпен әңгімелескен еді. Сол сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Ренат Кәрімұлы, алдымен осы жүйенің тарихы туралы кеңірек айтып берсеңіз.
– Жалпы, Әділет органдарының қалыптасуы сонау кеңестік дәуірден, яғни, 1917 жылдан бастау алады. Сол кезде Әділет комиссариатының құрылуы арқылы сот, прокуратура, тергеу және нотариат органдарын басқару жүзеге асырылған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін құқықтық жүйенің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын әділет органдары қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған қайта құру жүргізіліп, 2002 жылдың 18 наурызында ҚР «Әділет органдары туралы» туралы заңы қабылданды, әділет органдарының құзіреті мен міндеттері айқындалды. ҚР Үкіметінің 2005 жылы 8 ақпандағы қаулысымен министрліктің аудандарда, қалаларда және қала аудандарында мемлекеттік мекемелері – аумақтық органдар (басқармалар) құрылды. ҚР «Әділет органдары туралы» 2002 жылғы 18 наурыздағы Заңында былай делінген: «Қазақстан Республикасының әдiлет органдары өз құзыретi шегiнде мемлекеттiң қызметiн құқықтық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысына заңдылық режимiнде қолдау жасайтын, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн атқарушы билiк органдары болып табылады».
– Ал, енді аумақтық әділет басқармасының қызмет салалары жөнінде не дейсіз?
– Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу саласы бойынша аудандық әкімдік және мәслихат, қалалық әкімдік пен ауданға қарасты ауылдық округтердің өкімдері, қаулылары мен шешімдері бойынша зерделеу, нотариат саласы бойынша тұрғын үй-жайды тексеруді заңды мерзімде жүргізу – біздің басқарма жұмысының басты бағыттары болып табылады. Қазіргі таңда Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық индексі рейтингісінде Қазақстанның ұстанымын жақсарту мақсатында әділет органдарының халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылып отыр. ҚР Әділет министрлігі 119 көрсеткіштің 4 индикаторы бойынша жауапты орындаушы болса, 3 индикаторы бойынша қосымша жауапты болып табылады. Яғни, «Әкімшілік дауларды реттеуде заңнаманың тиімділігі», «Даулы мәселелерді шешуде заңнаманың тиімділігі», «Меншік құқығы», «Зияткерлік меншікті қорғау» индикаторларына жауапты орындаушы болып табылады. Мемлекеттік тіркеу саласында заңды тұлғаларды және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімін жүргізуді көрсетеді. Мәселен, ҚР бизнес-процестерді оңтайландыру, халықтан талап етілетін құжаттардың санын қысқарту және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жөнінде іс-шаралар жоспарына сәйкес, заңды тұлғаның қызметін тоқтатуын мемлекеттік тіркеу, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуден алу, тіркеу рәсімі қазір электрондық форматта қарастырылған. 1995 жылы ҚР «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, қызмет алушыларға келесідей жеңілдіктер беріледі: шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін «электронды үкімет» «egov» веб-порталында тіркеу мерзімі өтінішті берген кезден бастап 1 жұмыс күнінен 1 сағатқа қысқартылғандығы; «Заңды тұлғалардың» мемлекеттік деректер қорында автоматты түрде тіркеу жүргізілетіні, тіркеу нәтижесі заңды тұлғаның БСН мен электрондық анықтама алуы болып табылады. ХҚКО-на және тіркеу органдарына жүгінуі қажеттілігі туындамайды. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалар үшін оларды мемлекеттік тіркеу және қызметін тоқтауды тіркеу кезінде тіркеу алымының болмауы, яғни, түбіртек төленбейтіндігі; шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін жарғылық капиталының болуы талап етілмейді; жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалар үшін мөр жойылды. Осылайша, қабылданған барлық өзгерістер мен толықтырулар мемлекеттік қызметті көрсетуде қызмет алушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
– Зияткерлік меншік жайында көп сөз болып жатады…
– Иә, зияткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз ету саласында ҚР зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы сақтау тұрғысында тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын, тауардың шыққан орнының атауын немесе фирмалық атауын қолдану мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғаларға тексерулерді жүзеге асыру жұмыстарын атқарамыз. Аталған салада Қазақстанның ұстанымын арттыру мақсатында, зияткерлік меншік құқығын тиісті түрде қорғау стратегиялық мақсаттардың бірі болып табылатыны сөзсіз. Әрине, бұл бағытта әділет органдары тарапынан үкіметтік емес ұйымдармен, кәсіпкерлер қоғамдық одақтарымен өзара іс-қимылды нығайту, сонымен қатар, отандық нарықта контрафактілі өнімді таратуды азайту жөніндегі жоспар бойынша іс-шаралар үздіксіз жүргізілуде. Заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру саласында басқарманың құзыретіне аудандық деңгейдегі жергілікті мемлекеттік органдардың заңгерлік қызметтерімен өзара байланысты жүргізу, сонымен қатар, қолданыстағы заңнаманы түсіндіруге қатыстыруды, құқықтық насихатты ұйымдастыруды үйлестіру кіреді. Заң көмегінің біліктілігін қамтамасыз ету мақсатында, 2018 жылғы 5 шілдеде ҚР «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңы қабылданды. Айта кететін жайт, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу, құқықтық кадастрды жүргізу бойынша қызметі 2018 жылғы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу қызметінің әділет органдарынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтуіне байланысты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді.
– Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мәселесі қалай?
– Аумақтық әділет басқармасы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін өз құзыреті шегінде ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде қарайды. Бүгінгіде аумақтық әділет басқармасы үшін көрсететін мемлекеттік қызмет түрлерінің сапалы әрі уақтылы орындалуын бақылауда ұстау негізгі міндетке айналып отыр. Әділет органдарының көрсетіп жатқан сапалы қызметтері туралы халық арасында түсіндірме жұмыстары да үнемі жүргізілуде. Аталған іс-шаралар азаматтардың мемлекеттік органға деген сенімін арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығына сәйкес, 30 қыркүйек күні Әділет органдары қызметкерлерінің күні болып аталды. Сонан бері осы күнді атап өтіп келеміз. Жалпы, Әділет органдары еліміздің ілгері дамуына, заңнаманы одан әрі жетілдіруге және қоғамның жоғары құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың конституциялық құқығы мен заңды мүдделерін қорғауға және жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысуда деп сеніммен айта аламын.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Берікбай ҚАДЫҚОВ.