«Славян базары» байқауында 3-орын алды

«Славян базары» байқауында 3-орын алды

Қарасай ауданының өнер мектептерінде сапалы тәлім-тәрбие алып жатқан жас ұрпақтың арасында өзінің өнерімен, қабілетімен биіктерді бағындырып, ата-анасының, ұстаздарының қуанышын асқақтатып жүрген балауса шәкірттер аз емес. Соның бірі Әбілқайыр Жұмабай жақында ғана халықаралық «Славян базары» балалар өнер байқауында жақсы жетістікке жетті. Небәрі 7 жастағы жерлесіміз 20 елден келген қатысушылардың ішінен топ жарып, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Жыл сайын облыстық, қалалық, республикалық, тіпті, халықаралық байқаулар мен конкурстарға жас өнерпаздарды дайындап, табысқа жетіп келе жатқан «Қалбибі» өнер студиясында дарынды, талантты балалар баршылық. Әбілқайыр да осы өнер студиясының түлегі. Ол «Славян базары» байқауында екі кезеңнен де сүрінбей өтіп, біріншісінде «Қарағым-ай» халық әнін айтса, екіншісінде итальяндық «Мелодрама» әнімен баршаны таң қалдырған. Сондай-ақ, оның байқаудағы жеңісіне әлемге танымал әнші жерлесіміз, осы сайыста қазылар алқасының мүшесі болған Димаш Құдайберген де қатты қуаныпты. Әсіресе, жас өнерпазымыздың есінен шықпайтын сәті Димаштың «Мықты бол, алар асуың мен жеңісің алда!» деп айтқан жігерлі сөздері екен.
Жас әнші Әбілқайырдың бұл сайыстан бөлек, басқа да ән фестивальдерінде жүлделі орындарды қанжығасына байлап, көп марапаттауларды алып үлгергенін көпшілік білмейтін шығар. Бүгінде жеті жасар баланың осындай талантына таңдай қақпаған жан кем де кем болар.
Әбілқайыр ән әлеміне үш жасында-ақ қадам басыпты. Ата-анасы мен өнердегі ұстазы Қалбибі Абдуллаеваның ықпалы арқылы бүгінде сахнада өзін еркін ұстауды үйренген. Ән әлеміне баулыған өз ұстазын кішкентай әнші мақтанышпен айтады. Қалбибі ауданымызда белгілі әнші, көптеген байқаулардың жүлдегері болып қана қоймай, Үшқоңыр мәдениет үйіне байыпты басшылық етіп жүр.
Сөз соңында жас әншіге «Алда бұдан да асқақ абыройға кенеліп, белгілі әншілер қатарына қосыл, Қарасай ауданының атын шығара бер!» деген тілек айтамыз.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.