«Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылды

«Астана»  халықаралық  қаржы  орталығы  ашылды

Ел  тарихының  жаңа  кезеңі  басталды

Елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу салтанаты болып өтті. Айтулы шараға елуден астам мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Әбу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид әл Наһаян және Татарстан президенті Рустам Минниханов бар.

Алдымен Қазақстан Президенті отандық және шетелдік компаниялардың цифрлы технологиялар көрмесін аралап көріп, цифрлы-қаржылық технологиялар саласындағы инновациялық әзірлемелермен танысты.
Іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты «Астана» қаржы орталығының ресми түрде ашылуымен құттықтады.
– Біз Астана үшін осынау ауқымды әрі маңызды шараға көңіліміз ерекше толқып, зор қуанышпен келіп отырмыз. Қазақстан – ғасырлар тоғысында кең далада әсем астана тұрғызған әлемдегі жалғыз мемлекет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы – тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа кезеңінің бастауы, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қазақ елінің кемел келешегін қалыптастыруда экономикалық тұрақтылыққа бағытталған шаралардың жүйелі түрде атқарылып отырғанын, өз кезегінде «Астана» қаржы орталығының ашылуы жаһандық деңгейдегі ірі бизнес орталықтардың ел экономикасының дамуына жоғарғы деңгейде баға беруіне, сенім білдіруіне негіз болғанын айтты.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығы − Тәуелсіз Қазақстанның жаңа парағы. Оның ашылуы маңызды қадам, біздің экономиканың бекем түрде да-муының жалғасы болмақ. Жаһандық сын-тегеуріндерге жауап ретінде АХҚО-ны құру туралы идеяны ең алғаш 2015 жылы айтқан едім, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазіргі таңда Қазақстанда ауқымды құрылымдық және институционалдық реформалардың сәтті жүзеге асырылып жатқанын, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, дамыған 30 елдің қатарына қосылуға бағытталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, АХҚО құрмас бұрын, әлемдегі озық қаржы орталықтарының тәжірибесі негізге алынғанын да айтты.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығының тұсаукесер рәсімін Астана мерейтойы қарсаңында өткізудің символдық мәні бар екенін атап өтті.

(«Егемен Қазақстан» газетінен қысқартылып алынды).