Нақты жүзеге асырылу үстінде

Нақты жүзеге асырылу үстінде

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі байыпты басқарып отырған егемен елінің тек алға басуы, халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруы жолында бүкіл білім-білігін, қажымас қайрат-жігерін, салмақты да салиқалы саясатының күш-әлеуетін барынша білгірлігімен, ерекше көрегендігімен жұмсап келеді.
Елі сүйген, елін сүйген Елбасымыз үстіміздегі жылғы наурыз айында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін жариялап, халықтың хал-жағдайын көтеру мәселесінің өзі үшін өте маңызды екенін тағы да бір дәлелдеді.
Бүгінде осы бастамаларды жүзеге асыруда нақты жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының бірінші бастамасы «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» болатын. Қазір, міне, қажетті адамдарға пәтер алу үшін несие беріле бастады.
Сол сияқты «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» деген екінші бастама, «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» туралы үшінші бастама, «Шағын несие беруді көбейту» атты төртінші бастама және «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» деп аталатын бесінші бастама бойынша да тиісті белгіленген жұмыстар атқарылу үстінде.
Осының барлығын да халықтың әл-ауқатын көтерудің үлкен жолы деп есептеуге болады. Олардың бәрінің де жүйелі орындалатынына еш күмәніміз жоқ.
«Біз әлеуметтік мемлекет пен ұлттық өркендеудің шынайы әрі сындарлы қазақстандық моделін міндетті түрде бірге жасайтынымызға сенімдімін» деп атап көрсетті аталған үндеуінде Президентіміз.
Иә, Нұрсұлтан Әбішұлының тың бастамалары әрдайым толық іске асатынын білеміз!
Өтесін ҚҰБИЕВ,
баспасөз ардагері.