Біз «Бәйтерегімізбен» әйгіліміз

Біз  «Бәйтерегімізбен»  әйгіліміз

Өз елін, өзінің кіндік кескен туған жерін, ана сүтімен дарыған туған тілін сүймейтін адам жоқ. Менің туған елім – Қазақстан. Осыны ойласам, кеудемді үлкен қуаныш сезімі кернейді. Өз еліңде бақытты, тыныш өмір сүргенге не жетсін! Алыс-жақын елдерде соғыс болып жатқанда, біздің аспанымыз ашық, өміріміздің бейбіт болғанына қуанамын. Бүгінгі күнде осы бейбіт, егемен елімізді күллі дүние танып үлгерді. Мен осының бәрін бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың ерен ерлігінің және Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің жемісі деп білемін.
Елбасымыздың тікелей басшылығымен бүгінгі күнде әлем қызығарлық әсем қала Астана бой көтерді. 1997 жылы 10-желтоқсаннан бастап Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы жарлыққа Елбасымыз қол қойды. Сонымен Есіл өзені бойынан жобасын Елбасы сызып берген қала бой көтерді. Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы ретінде ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 — маусымында өткізілді. Ақмола Астана болып дәйекті түрде өзгертіліп, Тәуелсіз ел – егемен Қазақстанның кіндік қаласына айналды. Бұл қалада саналуан тарихи және мәдени тамаша сәулет өнері туындылары, солардың ішінде «Ақорда», «Бәйтерек», «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Думан» орталығы секілді көптеген ғимараттар мен ескерткіштер орналасқан. Астана қаласының ажарын ашып, көз тартар ең бір көркем ғимарат «Астана–Бәйтерек». Ерекше сұлулығы мен мәні бар Бәйтерек Астананың рәмізі, бақыт пен құттың белгісіне айналды. Күн сайын өсіп келе жатқан Астананың сұлулығына, тіпті, шетелдік қонақтар қайран қалады. Москва Кремлімен, Вашингтон Ақ үйімен, Санкт-Петербуг Эрмитажымен әйгілі болса, соның ішінде Астана «Бәйтерегімен» әлемге әйгілі.Әсем қаламыз – Астананың жылдан-жылға жаңарып, көркеюіне Елбасымыздың қосқан үлесі орасан зор.
Астана осынау 20 жылдың ішінде әлемге танылды және елімізді әлемге танытты. Ондағы зәулім сарайлар мен сәулетті үйлер бір-бірімен үйлесіп, қаланың көркіне көрік қосып тұрғандай. Астананың көркіне небір өркениетті елдер таңдана да тамсана қарауда. Астана – ең алдымен Елбасымыздың ерен еңбегі мен ерлігі. Қазақстанның жаңа тарихының шынайы бейнесі.
Елбасымыз Елорданы Астанаға көшіру бастамасымен миллиондардың тарихи миссиясына арна ашты, жаңа Астана ұлттық идеяның ұйытқысына айналды. Оның негізгі мақсат-міндеттері бірлігі жарасқан қазақ елінің азаттығын қамтамасыз ету және осы мұрат-мүддеге қызмет ету болып табылады. Сөйтіп, Есілдің жағасында, Сарыарқаның төсінде, інжу-маржандай Ақ Орда мен Бәйтеректі ұлықтаған Астана «Әлем қаласы» атанып, көркімен де, көлемімен де, келбетімен де төрткүл дүниені мойындатты. Бүгінгі еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Астанаға мақтанышпен қарайды, оны елдігіміздің, мемлекеттігіміздің нышанындай қабылдайды!
Омар ЕРМЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы полковник.