Есіл жағасындағы еңселі елорда

Есіл жағасындағы еңселі елорда

«Астана – жердің кіндігі,
Астана – елдің бірлігі» –
деп, Н.Ә.Назарбаев айтқандай кеше ғана бүкіл әлем Астана қаласының жиырма жылдық мерекесіне көз тікті. Иә, XX ғасырдың аяғында әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет пайда болды.Ол ата-бабасы ұлан-байтақ Орталық Азия мен Еуразия кеңістігін мекен еткен, мыңдаған жылдар бойы ешкімге берілмеген халықтың атына байланысты дүниеге келген Қазақстан Республикасы – біздің Отанымыз!
Егемендігін еншілеген елім Елбасымен ақылдаса отырып, Ақмола қаласын бас қалаға айналдырып, оған Астана деген ат берілді.
Осылайша, Есіл жағасындағы жас қала Астана бас қалаға айналды. Жалпы, қай елдің болсын, экономикалық бейнесін, рухани-мәдени көркін айқындайтын оның астанасы.
Орталық Азияның түп тамырында, суы мол Есіл өзені жағасында орналасқан Астана – дербестіктің туын бекем ұстаған ұлттар достығының айғағы, қазақ елінің жаңа астанасы.
Кезінде Астана қаласының болашақ сәулет құрылысы қандай болмақ дегенде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Астана қаласы еуразия ортасына орналасқандықтан, мұндағы ғимараттардың да еуразиялық үлгіде болуы ескерілуі қажет. Осы идея жүзеге асқанда ғана елімізде нағыз еуразиялық қала пайда болмақ», – деген еді, бүгінде ол шындыққа айналды. 20 жылдың ішінде әлем халқының астаналарымен тең келетін қала тұрғызылды.
Тұңғыш Президентіміз: «Болашақта мен қазақстандықтардың келешегі жарқын екеніне сенемін. Менің елім мәңгілік өмір, шексіз даму үстінде болады. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтар рухани бай, молшылықта өмір сүреді. Бұл жарқын өмірге білімді, талмай еңбек еткендер ғана жетеді» деген болатын.
Астананың 20 жылдық мерекесі – бүкілхалықтық мереке. Астана – білім мен ғылымның, бейбітшілік пен достықтың ордасы. Оның өркендеуі бүкіл Қазақстанның өркендеуі деп ойлаймын. Өйткені, осыған орай біздің Елтай округі аумағында да көптеген игі істер атқарылды.
Елбасының «100 мектеп – 100 балабақша бағдарламасы аясында округте төрт орта мектеп, балабақша, стадион, теміржол үстінен өтетін көпір салынды. Бұрын кептеліс болып, ел жұмысқа кешігіп жатса, көпір салынғаннан кейін біраз өзекті мәселелер шешілді. Округіміз теміржол бойында орналасқандықтан, ірі зауыттар салынып, өңдіріс ошағына айналды. Күннен-күнге ауылдарымыз көркейіп өркендеуде.
Осы жетістіктердің бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігінің, іскерлігінің, табандылығының арқасы.
Астана, күннен күнге гүлденіп, асқақтай бер!
Салиха ТОЙЫМБЕТОВА,
Елтай ауылдық округі әжелер алқасының төрайымы.